Әлеумет
«Алтын сақа» балалар ойын орталығы ашылды
Ауыл баласы үшін қаланың тірлігі тым ғажап сықылды көрінеді өзіме. Өйткені, ойын баласы үшін қаланың әрбір жерінде балаларға арналған орталықтардың саны шексіз-ау, сірә? Ауылда көрмеген ойын алаңдары мен орталықтар немесе көздің жауын алар ойыншықтар ауыл баласын еріксіз баурайды емес пе? Жазғы демалысында қала көріп келген ауыл баласының ауызында «Мегаға бардым» - деген сөзді айтпаса, кес құлақты! Рас, шынтуайтында солай. Бұл біздің айтпақ ойымыздың бір бөлшегі ғана. Ал, осындай балаларға арналған ойын орталықтарын аудан орталығында, тіпті ауылдарда да шап-шағын қылып неге ашып қоймасқа? - деп бұрын көп ойлайтын едім. Ақыры сол ойым жүзегее асты. Әрине, жүзеге асырған мен емес...
Олай дейтін себебім өткен аптада ауданымызда алғашқы «Алтын сақа» балалар ойын орталығы ашылды. Бұрын-соңды аудан орталығында болмаған кәсіптің көзін Асылай Сағынова ашып отыр. Бұған дейін мемлекеттік қызметте болған ол қысқартуға байланысты жұмыстан босап қалған. «Үйде қарап отырған болмас» — деп жеке қаражаты арқылы балалар ойын алаңын ашуды ұзақ уақыт ой елегінен өткізеді. Ақыры ойында жүрген оның арманы отбасының қолдауымен орындалды. Қазір ойын орталығының ғимаратын жалға алған. Балалар ойын орталығының лентасын әулеттің үлкені Айсұлу Ғалымова мен нағашы әжесі Сырға Қалдығұлова қиды. Асылайдың кәсібіне береке тілеген ағайын-туыстары бұл игі іске дән риза. Себебі, енді ашылса да, бұл орталықта барлық жағдай жасалған. Балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне мықты көңіл аударған. Орталық 1 жастан 12 жас аралығындағы балаларға арналып жасақталған. 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған құрғақ хауыз, 2 әткеншек сырғанағымен, үлкен-үлкен құрастырмалы ойыншықтар, мамандық бойынша ойнайтын ойыншықтың түр-түрімен қамтылған. 7 жас пен 10 жастағы балаларға арналған батуттар мен 15 шаршы метрлік екі қабатты лабиринт бар. Барлық ойын құрылғылары балалардың денсаулығына зиян келтірмейтін материалдардан жасалған, балалар үшін әсте қауіпсіз. Әткеншек, сырғанақ, хауызымен қамтылған. Және бір бұрышты балалардың арнайы туған күнін өткізуге арнап жасақтаған. Орталықта 50 балаға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. «Алтын сақа» балалар ойын орталығы түскі 11-мен кешкі 8 аралығында, аптаның барлық күнінде де жұмыс жасайды. Бүлдіршіндеріміздің осы ойын орталығына кіріп, ойнау ақысы 1-3 аралығындағы бүлдіршіндерге 700 теңге, 3-12 жас аралығындағы балаларға 1000 теңге. Ойнау уақытына шек жоқ. Асылай жаңа жылдан кейін «Бизнес бастау» арқылы оқып, кәсіпкерлік шеберлігін шыңдауды көздейді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтсем, — дейді. Біз Асылаймен арнайы тілдесу барысында ол бұл балаларға арналған орталықтың бастамасы ғана екенін айтып, болашақта көптеген жоспарлары бар екенін де жасырмады. Жарайсың, Асылай! «Енді балаларымызды ұялы телефоннан алшақ ұстап, сіздің балалар ойын орталығыңызға апаратын боламыз», — дегім келеді. Өйткені, әр ата-ана да осылай жасайтынына біздің сеніміміз мол.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.