ӘлеуметБасты тақырып
Ойылдың қымызханасы саумалмен емдейді
Жусаны бұрқыраған, жылқысы шұрқыраған Ойылда жасыратыны жоқ бұған дейін қымызды қолға алған ешкім болмады. Ішінара жеке тұрғындар сатқанымен көптің сұранысын қанағаттандыра алмасы анық. Мыңдап жылқы өсіріп, ауылшаруашылықты аудан болғаннан кейін тұтынушылар тұрақты қымызхана таппауы үлкен сын болатын. Бірақ бұл мәселенің түйіні шешілді.
Сарбиелік кәсіпкер Жандос Галиакбаров селоның қақ ортасынан қымызхана ашты. 2015 жылдан бастап «Атамекен» шаруа қожалығын құрып, жылқы өсірумен айналысып отырған ол халықты саумал қымызбен қамтып, емдік профилактикалық шараларын жүргізу мақсатында осындай үлкен бастамаға тәуекел етіп отыр. Бұрын бос тұрған екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, ішін ұлттық нақышқа сай безендірген кәсіпкер көптің алғысына ие болды. Мұнда қымызбен қатар 25 адамдық қазақы нақыштағы асүй, 10 адамға арналған қонақжай бөлмесі бар. Бұл жерден адамдар емделіп, саумал терапиясын алады. Ол үшін арнайы би сауатын, қымыз өнімін өңдейтін орын дайындап, тұтынушыларға ыңғайлы етіп жасақтаған. Екі айдан бері осы жұмыстың басы-қасында жүріп, аналық биелерді уақытылы сауып, дайындайтын Әлібек Қазиевтің айтуынша күніне әр биеден 2 литрге дейін қымыз алынады.
«Күніне үш мезгіл сауамын. Бір ай бойы тұрақты саумал терапиясын тұтынып жүргендер бар. Саумалдың, жалпы жылқы сүтінің емдік қасиетін айтып жатудың өзі артық. Мұны күнде ішіп жүргендер қазіргі кездегі ең көп қан қысымының қалыпқа келіп, басқа да дерттеріне дауа тауып жүргендерін айтып, алғысын жаудырып жатыр. Биелерді ауыстырып тұрамыз. Асаулары үйретіліп жатыр. Бірте-бірте көбейте береміз. Ал әзірге қолдағы биелер қанағаттандырып тұр» — дейді ол. Әрине, қазір сиыр сауудың өзі қиындап бара жатқан кезде бие сауу оңай емес. «Бие сауатын адам керек. Оған ер адам болмаса әйел адамға тым қиын. Саудырып та көрдік. Үйренбеген адамына дала жануары жатырқайды» — деген Әлібек бұл жұмыстарды өзі атқарып жүр.
Құны 50 млн. тұратын жоба кәсіпкердің өз қаражатына салынды. Қымызхананың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Дастан Сағыров ауданда алғаш рет өткізіліп отырған «Аналарға тағзым» форумымен тұспа-тұс іске қосылған тағы бір қызмет көрсету орталығына жылы лебізін арнап, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
«Бұл қай жағынан алып қарағанда да керемет дүние. Ауданымыздың кәсіпкерлік саласының дамып жатқанын көрсетіп, жаңа серпін береді. Өзімізде бар нәрсені сырттан сатып алмай, өзімізден өндіру негізгі мақсаттарымыздың бірі болатын. Бұған да қол жеткізіп отырмыз. Жалпы алдағы уақытта қымызхананың ауқымын кеңейтіп аудан ғана емес, облыс көлеміне де шығарып қымыз өнімін өңдеп брендке айналдыру жосапрда тұр» деді аудан басшысы. Бір кездері өзінің алдынан білім алған шәкіртінің үлкен шаруа бастап, ауылдастың тайы оза шапқанына қуанған сарбиелік ақсақал, ардагер ұстаз Мұхит Кереев келелі әңгімелер айтып, жас кәсіпкерге ақ батасын берді. «Жақсыны көрмекке келген» жергілікті тұрғындар мен қонақтар қымызханадағы таза, табихи өнімдерден дайындалған ас мәзірлерінен дәм татты.
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл селосы.