Заң мен Тәртіп

ӘР ЖОЛДАНЫМ ӘДІЛ ҚАРАЛУҒА ТИІС

Азаматтардың өтініштері мен шағымдарының заң талабына сай қаралуын қамтамасыз ету — құқықтық мемлекеттің негізгі қағидатының бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің Өтініштерді талдау және бақылау бөлімі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бөлімнің негізгі міндеті — мемлекеттік органдарға келіп түсетін азаматтардың жолданымдарының қаралу барысын тұрақты бақылап, олардың заң талабына сәйкес қаралуын қамтамасыз ету. Бұл ретте басты назар мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талабын сақтауына және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына аударылады.

Мониторинг барысында жолданымдардың дұрыс тіркелуі, заңда белгіленген мерзімдерде қаралуы, қабылданған шешімдердің заңдылығы мен негізділігі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өтініш иелерімен кері байланыс орнату сапасы жан-жақты зерделенеді.

Талдау нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен заңбұзушылықтардың себебі айқындалып, оларды жою бойынша нақты ұсыным енгізіледі. Бұл жұмыс заң талабының сақталуын күшейтуге және осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.

Бүгінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып отыр. Осы қағидатты іске асыруда бөлімнің де өзіндік орны бар. Себебі азаматтардың жолданымдарының әділ, объективті және уақтылы қаралуын қамтамасыз ету — құқық үстемдігін нығайтудың маңызды тетігі.

Әрбір жолданым — азаматтың мемлекетке деген сенімі мен үмітінің көрінісі. Сондықтан әрбір өтініштің заң талабына сәйкес жан-жақты қаралуына ықпал ету — біздің басты міндетіміз. Бұл азаматтардың құқықтарының қорғалуына, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігінің артуына, сондай-ақ қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізеді.

Осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша бөлім жүргізген жұмыс нәтижесінде азаматтардың жолданымдары негізінде 6 жеке тұлғаның конституциялық құқығы қорғалды. Жолданымдарды қарау заңдылығына жүргізілген мониторинг нәтижесінде прокурорлық қадағалаудың 6 актісі енгізілді. Оларды қарау қорытындысы бойынша 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа, тағы 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бекзат ІЗҒАЛИЕВА, 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім прокуроры.

Related Articles

Back to top button