Әкімдік
Биыл бес көшеге асфальт төселді
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші ауылдың дамып, көркеюіне мейлінше үлес қосу әр азаматтың перзенттік парызы. Осы орайда жергілікті билік өкілдерінің жасап жатқан жұмыстары жетерлік. Ауданның ішкі көрінісі күн санап көркейіп келеді. «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында көшелерге көше атаулары жазылған тақтайшалармен қатар көше атауы берілген тау тұлғаларымыздың бүйістері орнатылуда. Аудан басшысы Дастан Сағыровтың тапсырмасы аясында көшелерге отырғызылып жатқан тал көшеттері ауыл-аймақты абаттандырып, көгалдандыру ісіне оң көзқарастың жарқын көрінісі. Бұл игі бастамаға село тұрғындары да сәл қолдау көрсетіп, көшелерге егілген көшеттердің бой көтеріп кетуіне яғни, күтіп-баптау жұмыстарына атсалысса бүгінгі бір тал шыбықтың ертеңгі күні мәуелі ағашқа айналары сөзсіз. Өйткені жасыл желек ауданның ажарын аша түспек. Одан бөлек, соңғы екі жылда яғни 2017-2018 жылдары ауданымыздағы ішкі жолдардың 5000 метр жеріне қатты төсеніш төселді. Тарқатып айтсақ, 2017 жылы Ш.Берсиев көшесінің 760 метр жері, Б.Құрманғазин көшесінің 740 метр жері толықтай асфальтталды. 2018 жылы Дәуленов, С.Масатов, Қойшығұлов, Желтоқсан, Қ.Сәтбаев көшелеріне асфальт төселді. Міне мұндай мардымды істер аудан тұрғындарына қуаныш сыйлап келеді. Аудан көшелеріне асфальт төсеген мердігер компаниялар одан бөлек, басқа да көшелердің тегістеу, қыру жұмыстарына үлес қосты. Бұл бізге «Тәуелсіздіктің тартуы». «Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл жұмыстар келер жылы да кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Біз Ойыл ауылдық округінің әкімі Дәурен Бисебаевпен тілдесу барысында 2019 жылы да «Көкжар» көшесіне толықтай орташа жөндеу жүргізіліп, асфальты жаңартылмақ. Сонымен бірге Ә.Молдағұлова көшесінің жобалық сметалық құжаты әзір. Оған қоса тағы 6 көшенің жобалық сметалық құжаттары мемлекеттік сатып алу порталына жіберілген. Демек, жолда елдің келісті тұрмысының көрінісі. Осындай игі істердің барлығы да ауданның ажарын келтіруде.
М.ҚҰБАЕВ,
Ойыл селосы.