Сайлау

Спортшылар дауыс беруге велосипедпен келді

Құрылтай сайлауы аясында ақтөбелік спортшылар азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және сайлауға қатысу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ерекше бастама ұйымдастырды.

Таңғы сағат 8.00-де 20 велосипедші қала көшелерімен жүріп өтіп, Шығармашылық академиясында орналасқан №557 сайлау учаскесіне келді.
Игі бастамаға белгілі спортшы Евгений Гончаров та қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады. Сайлау учаскесіне велосипедшілермен бірге келген Евгений Гончаровтың айтуынша, бұл велошерудің мақсаты — азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуын көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салтын, спортты және қоғамдық белсенділікті қатар насихаттау.

— Сайлау — азаматтық ұстанымымызды білдіріп, қоғамның дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік беретін науқан. Бүгін сайлау учаскесіне велосипедпен келдік, еліміз үшін маңызды науқанқа қатысуды спортпен ұштастырдық. Бізді спортқа және белсенді өмір салтына деген қызығушылық қана емес, ел ертеңі үшін таңдауымызды жасап, азаматтық белсенділік танытуға деген ниет те біріктірді. Менің ойымша, мұндай бастамалар қоғам өмірінің белсенді болуына ықпал етеді және ел үшін маңызды оқиғаларда әр адамның өз үлесін қосу мүмкіндігі барын көрсетеді.
Бүгін мен де өз таңдауымды жасадым, — деді Е.Гончаров.
Сайлау учаскесіне велосипедпен келгендердің ішінде спортты кәсіби деңгейде емес, әуесқой ретінде серік еткен азаматтар да бар. Олардың бірі триатлонмен айналысса, енді бірі велосипедпен саяхаттап, веложарыстарға қатысады екен. Оларды спортқа деген ортақ қызығушылық пен белсенді өмір салты біріктіреді.


Қатысушылар азаматтық белсенділікті қоғам өміріне араласудың және ортақ іске үлес қосудың маңызды тетігі деп санайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Back to top button