Басты тақырып

«Таусылмас жырға» мың тағзым!

Аналарға ықылас  қай кезде де таусылмас әрине, бірақ көктемнің осы бір шуақты күндерінде нәзік жандыларға деген құрмет еселенері сөзсіз.  8 Наурыз халықаралық әйелдер күніне орай ауданымызда жыл сайын мерекелік шараларөтеді. Биыл да көктемнің алғашқы күнінен бастап аналарға алғыс айтудан басталған тілек айтулы мерекемен тоғысты. Аудандық мәдениет үйінде «Ана таусылмас жыр, сарқылмас дастан!» атты салтанатты кеш болды.

Осы бір мереке жыл өткен сайын жаңаланып, жаңа жетістіктерін көрсетіп келеді. Мәселен былтырғы жағдаймен салыстырсақ нәзік жандылардың белсенділігі айқын көрінеді. Соның бірі іскер азаматшалардың нарық бағасына мойымай өз өнімдерін шығаруы.  Ауданымыздағы қыз келіншектердің қыз жасауы, көрпе-төсек, сұлулық салоны, қолөнер туындылары және тағам түрлерінен жасақталған көрме ұйымдастырылды. Алдымен аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева  осыларды аралап, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп істеріне жоғары баға берді. Олардың тауарларына ерекше көңіл бөліп, белсенділігіне, еңбекқорлықтарына ризашылығы білдірген аудан басшысы кәсіптерін одан әрі кеңейтуге көмектің болатынын айтты. Ал, сахна төрінде ауданның  барша әйелдер қауымын құттықтаған аудан әкімі «Батыр аналар» мен іскер әйелдерге, жұмысына жауапты мекеме қызметкерлеріне алғыс хатын табыстады.

«Құрметті жерлестерім! Көктемнің барша әйел аналарға арналған алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің елімізде  ана мен бала ерекше қамқорға алынып, олардың құқығы қорғалуда. Елбасымыздың өткен жылғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы тұрғысында ауданда көп жұмыстар атқарылды. Биыл ауданымызда 334 бала дүниеге келді. Ауданның демографиялық дамуына үлес қосып отырған аналарға алғысымыз шексіз. Ең бірінші оларға отбасының ұйытқысы ретінде қарасақ, екінші кезекте олар қоғамның белсенді мүшелері. Елімізде гендерлік саясаттың дамуы, әйел аналар арасында басшылардың, іскер азаматшалардың көбеюіне жол ашты. Баршаңызды тағы да мерекемен құттықтаймын!» деді.

Сонымен қатар кешегі Елбасымыздың үндеуіндегі бес бастаманың мазмұнына тоқталып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарламалардың әйел адамдар үшін де жақсы жаңалық болғанын айтты. Мерекенің үлкен сыйлығы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай  ҚР Президентінің  2018 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығы бойынша «Алтын алқа» алқасымен Құралай Есенғалиева, Жанат Сидақова және «Күміс алқа» алқасымен Гүлзира Досжанова, Назгүл Карасаевалар тақты. Одан соң ауданда ұлтаралық татулық пен достықты нығайтудағы қажырлы еңбегі және қоғамдық-саяси, мәдени шараларға белсенді атсалысқаны үшін «Достық» клубының мүшесі Красавина Ольга Валерьевна марапатқа ие болды. Ауданның қоғамдық-саяси және мәдени шараларына белсенді қатысқаны үшін аудан әкімі Бұлбұл Күзембаеваның алғыс хатына ие болғандар өз істерінің еленгеніне қуанып қалды. Марапатқа толы мерекенің соңы ауданның өнерпаз жастарының, бүлдіршіндерінің «Әлем-аруларымен әсем» атты концертімен ұласып, жиылғандарға көңілді ән-билер ұсынылды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар