БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ – САНАЛЫ ТАҢДАУДАН
ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ. СОНДЫҚТАН ОЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗ ОРТАДА ӨСІП, БІЛІМ АЛЫП, ӨЗ БОЛАШАҒЫН ДҰРЫС ҚАЛЫПТАСТЫРУЫ – ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ. БҮГІНДЕ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ӨМІРІНЕ КЕРІ ӘСЕР ЕТЕТІН ЛУДОМАНИЯ, НАШАҚОРЛЫҚ, БУЛЛИНГ ЖӘНЕ СУИЦИД СИЯҚТЫ КЕЛЕҢСІЗ ҚҰБЫЛЫСТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ АРТЫП КЕЛЕДІ.

Осыған орай 16 қыркүйек күні Ойыл ауданында жастарды құқық бұзушылықтан қорғауға және түрлі қауіптердің алдын алуға бағытталған «Ойыл ауданының жастарды құқық бұзушылықтан қорғау: лудомания, суицид, буллинг және нашақорлыққа қарсы кешенді профилактика» жобасы аясында іс-шара өтті.
Жиынға мектеп оқушылары, колледж студенттері, жастар мен аудан тұрғындары қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде маңызды ақпараттармен танысты. Іс-шара барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау мәселелері кеңінен қозғалды.
Құмар ойынға тәуелділік, яғни лудомания – адамның жеке өміріне ғана емес, оның отбасына, қаржылық жағдайына және әлеуметтік ортасына да кері әсер етуі мүмкін құбылыс. Ал нашақорлықтың адам денсаулығы мен болашағына тигізер зияны орасан. Осыған байланысты жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, бос уақытын тиімді өткізу, спортпен, шығармашылықпен және қоғамдық жұмыстармен айналысудың маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесу барысында буллингтің де алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қатарласына қысым көрсету, кемсіту немесе қорлау адамның психологиялық жағдайына кері әсер ететіні айтылып, жастарды бір-біріне құрметпен қарап, қиындыққа тап болған жанға қолдау көрсетуге шақырды. Сонымен қатар кез келген мәселені іште сақтамай, ата-анаға, ұстазға немесе тиісті мамандарға дер кезінде жүгінудің маңыздылығы түсіндірілді.
Суицидтің алдын алу бағытында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жасөспірімнің көңіл күйіне назар аудару, оны тыңдай білу, түсіну және қолдау көрсету – алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі екені атап өтілді.
Түстен кейін Шұғыла мәдениет және демалыс орталығында «Қауіпсіз қоғам – ортақ жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге психотерапевт Гүлзира Зикирова мен психолог Таңшолпан Советова қатысып, жастарға психологиялық қолдау мен қауіптің алдын алу жолдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандар қатысушылармен ашық пікір алмасып, олардың ой-пікірін тыңдады. Сонымен қатар қатысушылардың белсенділігін арттырып, өзара сенім мен қарым-қатынасты нығайту мақсатында арнайы тренинг ұйымдастырылды.
Жоба тек ақпараттық кездесумен шектелмей, жастардың шығармашылық қабілетін қолдауға да бағытталды. Іс-шара барысында жоба аясында ұйымдастырылған онлайн эссе және сурет байқауларының қорытындысы шығарылды. Байқауға белсенді қатысып, үздік нәтиже көрсеткен мектеп оқушылары мен колледж студенттері жүлделі орындармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мұндай шаралар жастардың өзекті мәселелер туралы ашық пікір қалыптастырып, құқықтары мен жауапкершілігін түсінуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – жас буынға қауіп-қатерден сақтанудың жолын көрсетіп қана қоймай, дұрыс бағыт таңдауына қолдау көрсету.
Жастардың болашағы – бүгінгі таңдаудан басталады. Ал саналы таңдау жасауға бағытталған әрбір қадам қауіпсіз қоғам қалыптастыруға қосылған үлес болмақ.
Өз тілшіміз.



