Сұхбат

БАЛА КҮЛКІСІ – ЕҢБЕКТІҢ ЕҢ ҮЛКЕН МАРАПАТЫ

КЕЙ ЕҢБЕКТІҢ БАҒАСЫ МАРАПАТ ҚАҒАЗЫМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ. КЕЙ ЕҢБЕКТІҢ ЕҢ ҮЛКЕН НӘТИЖЕСІ – ЖЫЛДАР ӨТКЕН СОҢ АЛДЫҢНАН ЖҮГІРІП ШЫҒЫП, ҚҰШАҚТАҒАН БАЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ. БАЛА ЖҮРЕГІНДЕ ҚАЛҒАН ОСЫНДАЙ ІЗ – КҮН САЙЫНҒЫ МАҢДАЙ ТЕР МЕН МЕЙІРІМНІҢ ЕҢ ШЫНАЙЫ БАҒАСЫ.

Ойылдағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасында еңбек етіп жүрген Жанар Қомашеваның еңбек жолы – осының бір көрінісі. Ол балабақша саласындағы еңбек жолын 1986 жылы көмекші тәрбиеші болып бастаған. Содан бері қырық жылға жуық уақыт бойы бүлдіршіндер әлемінен алыстаған емес.

Алғашқы еңбек жылдары «Бөбекжай» балабақшасында өтті. Кейін өмірдің түрлі кезеңдеріне байланысты үзілістер болып, отбасылық жағдайға байланысты декреттік демалыста отырып, егіз ұлдарын тәрбиеледі. Тоқсаныншы жылдары балабақшалар қысқарып, жұмыс орындары азайған кезең де болды. Бірақ бала тәрбиесі саласында жинаған тәжірибесі мен осы кәсіпке деген сүйіспеншілігі оны қайтадан балабақшаға алып келді.

2000 жылдардың басында «Балдырған» бөбекжай-бақшасына келген Жанар Қалелқызы еңбек жолын осында жалғастырды. Ұзақ жылдар бойы көмекші тәрбиеші болып, тәрбиешілердің жұмысына қолғабыс етті. Балаларды қарсы алу, тамақтандыру, ұйықтату, киіндіру, ойын ұйымдастыру, ертегі айтып көңілін аулау – оның күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналды.

«Баламен жұмыс жасаған ұнайды. Шаршағаныңды балалардан кейін ұмытып кетесің. Біреуі тамаққа еркелеп, «маған тағы құйшы» дейді. Біреуі «сорпа ішемін, каша жемеймін» дейді. Сондай кезде әрқайсысының бабын табуға тырысасың. Балалармен бірге ойнап, ертегі айтып, ұйықтатасың. Кейде тәрбиеші ашық сабаққа немесе басқа жұмысқа кетсе, балалармен өзің қаласың», – дейді Жанар апай.

Баламен жұмыс істеу үшін кәсіби міндетті орындау аздық етеді. Оның көңіл күйін сезіну, неге жылағанын түсіну, неге тамақ ішпей отырғанын аңғару, кейде бір ауыз сөзбен жұбату қажет. Жанар апай осыны жылдар бойы тәжірибемен үйренген.

Оның балаға деген мейірімі мен қарапайым қарым-қатынасы талай бүлдіршіннің есінде қалыпты. Бір кездері тәрбиесін көрген бала анасына: «Жанар апай болмаса, балабақшаға бармаймын», – депті. Баланың бұл сөзі Жанар апай үшін үлкен марапаттың біріндей әсер қалдырған.

Ал 8 наурыз мерекесінде болған жағдайды ол әлі күнге дейін күлімсіреп еске алады. Бұрынғы тәрбиеленушілерінің бірі мерекеде Жанар апайға да сыйлық әкелгісі келетінін айтыпты. «Мен Жанар апайға да сыйлық беремін», – деген баланың тілегін ата-анасы орындап, мерекеден кейін болса да сыйлығын жеткізген.

Осындай сәттер Жанар апайдың еңбегінің жылдар өте келе қалай жалғасатынын көрсетеді. Балабақшадан кеткен бала есейеді, мектеп бітіреді, мамандық алады, өз алдына отбасы құрады. Бірақ бала күніндегі жылы қарым-қатынас оның жадында қалады.

Жылдар өте келе оның тәрбиесін көрген балалар да ер жетті. Бірі мұғалім, бірі полиция қызметкері, енді бірі түрлі салада еңбек етіп жүр. Кейбірі жолы түскенде арнайы келіп сәлемдеседі. Тіпті бұрынғы тәрбиеленушілерінің бірі отбасын құрып, Жанар апайды тойына арнайы шақырған. Осындай сәттерде ол өзінің жылдар бойғы еңбегін қайта бағамдайды.

Жанар апайдың балалармен тіл табысудағы тәжірибесі бүгінгі жас мамандарға да көмектесіп келеді. Бірде жаңа тәрбиеші бірнеше баланы бейнетаспаға түсіруге дайындамақ болып, оларды тыныштандыра алмай қиналады. Сол кезде Жанар апай балалардың жанына барып, ертегі айтып, ойын ұйымдастырып, назарын басқаға бұрып, біртіндеп сабырға шақырады.

Тәрбиеші келгенде балалардың тыныш отырғанын көріп: «Мә, апа, қалай тыныштандырып отырсыз мына балаларды?» – деп таңырқапты.

Жанар апай үшін мұның құпиясы қарапайым: балаға бұйрық беріп қана қоймай, оның қызығушылығын таба білу керек.

Ол балаларға ертегіні де дайын кітаптан ғана оқымайды. Кейде оқиғаға қарай өзі ойдан құрастырып айтып береді. Бірде үлкендердің бірі немересінің: «Жанар апай сияқты ертек айтып ұйықтатшы», – дегенін айтып, оның «ертегі кітабын» сұраған екен. Жанар апай болса: «Менің ертегілерімнің көбі өзімнен шығады», – деп күліпті.

Баламен жұмыс істеген жылдары мұндай қызықты жағдайлар көп болған. Балаларды суретке түсіру кезінде де тәжірибесінің көмегі тиеді. Қыздардың қалай, ұлдардың қалай отыратынын айтып, олардың назарын бірден өзіне аудара алады. Жанар апайдың балалармен тіл табысуы тек күнделікті күтіммен шектелмейді. Ол мерекелік шаралар мен ашық сабақтарға да белсене араласып, қажет кезде түрлі кейіпке енеді. Бірде «ата» рөлін сомдап, ашық сабақтың мазмұнын жандандыруға үлес қосқан. Балалардың алдында Аяз ата, әже, бағбан болып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған кездері де аз емес.

Көмекші тәрбиеші болып 36 жылға жуық еңбек еткен Жанар Қалелқызы 2022 жылдан бері осы балабақшада жұмысшы қызметін атқарып келеді. Қызмет атауы өзгергенімен, оның балаға деген ықыласы өзгерген жоқ.

Бүгінде балабақша бүлдіршіндері оны «Жанар апай» деп қана емес, «Әже» деп те еркелетеді. Қасына келіп құшақтайды, маңдайынан сүйгенін қалайды.

Өмірінің қырық жылға жуық уақытын балабақшаға арнаған Жанар апай үшін еңбектің мәні де осында. Оның айтуынша, баламен жұмыс істеген жылдары шаршағанын балалардың күлкісі ұмыттырады. Бүгінде сол балалардың балалары балабақшаға келіп жатыр. Өз немерелерінің де «Балдырғанда» тәрбиеленіп жүргені – Жанар апай үшін ерекше қуаныш.

Оның еңбек жолында үлкен марапаттар аз болуы мүмкін. Бірақ жылдар өте келе бұрынғы тәрбиеленушілерінің іздеп келуі, тойына шақыруы, мерекеде сыйлығын ұмытпай әкелуі, «Жанар апай» деп сағынышпен еске алуы – еңбектің өлшемін басқа қырынан көрсетеді.

Қырық жылға жуық уақыт – жай ғана еңбек өтілі емес. Бұл – талай баланың балалық шағына куә болған, талай бүлдіршіннің алғашқы қуанышы мен алғашқы өкпесін бөліскен, жүздеген баланың жүрегінде өзіндік із қалдырған ғұмыр.

Жанар Қалелқызы үшін ең үлкен марапат – төсбелгі де, диплом да емес. Ең үлкен марапат – жылдар өтсе де ұмытылмай, балалық шақтың бір жылы есімі болып қалу.

Өйткені кей адамдар мамандығымен емес, адамдардың жүрегінде қалдырған ізімен бағаланады.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button