Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — дейді. Сонымен бірге «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» — деген сүбелі сөз бар. Осының бәрін біз бүгінде Ойыл өңірінің ел ағасы атанған Ғазиз Займолдинге қатысты айтқымыз келіп отыр. Әлқиссасынан бастасақ, Орал губерниясы, Калмыков уезіне қарасты Жетікөл болысының Қараой ауылында көпшілікке танымал болған Жұмалы атаның 1905 жылы және 1912 жылы туған, ұзақ жылдар бойы еншілерін бөліспеген Займолда және Жұмағазы есімді ұлдары болған. Энциклопедиялық мәліметтерге сүйенсек, Қараой жерінде алғашқы мектеп Құлақши елді мекенінде 1926 жылы ашылған. Оған дейін жоғарыда аттары аталған жасөспірімдер Қазмағамбет хазірет салдырған мешіт молдаларынан сауат ашып, ислам дінінің құндылықтарын бойына сіңірген. Оның айғағы — соғыстан оралғаннан кейін 1946 жылы 13 шілдеде өмірге келген ортақ ұлына Ғазиз, арабшадан аударғанда ардақты, қымбатты деп ат қойыпты. Ата-анасының үміт-ниетін періштесі әмин деп, Ғазиз Ойылдың ардақты да қымбатты азаматы болып қалыптасты. Аттары аталған екі азамат та соғыстан кейінгі жылдары колхоз-совхоз өндірісін дамытуға елеулі үлес қосты. Ірі қара мал бағумен айналысқан Жұмағазы аға Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ортақ ұлының абыройлы азамат болғанына ризалық сезіммен екеуі де 1981 жылы өмірден өтті. Турасын айтсақ, «Ел басқару өнері — өнер атаулының төресі» деген атақты грек философы Демокриттің осыдан 2400 жыл бұрын айтқан даналық сөзін басшылыққа алып, Кеңес мемлекеті ыдырап, егемен Қазақстанның қалыптасу-өтпелі кезеңінде жоқшылықтан есеңгіреп қалған халықтың еңсесін көтеріп, елді ел етуге мүмкіндігінше әлеуметтік жағдай жасап, ел экономикасын көтеруге елеулі үлес қосқан Ғазиз сияқты азаматтар. Ғазиз Орал мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген соң, біраз жыл Қараой, Сапақкөл орта мектептерінде мұғалім болды. Жалындаған жастың ұмтылыс-жігерін байқаған аудан басшылығы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев 1971 жылы оны Ойыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына ұсынды. Одан кейін жаңадан сайланған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сапар Сағынтаев 1975 жылы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтеріне жоғарылатты.
Партиялық, мемлекеттік жауапкершілікке адал, іскер азаматты аудандық партия комитеті Ойыл кәсіптік-техникалық училищесіне басшылық қызметке жіберді. Училищенің оқу-тәрбие, өндірістік жұмыстарын жақсартып, заман талабына сай арнаулы орта білім беретін жоғары кәсіптік-техникалық училище, кейін лицей, 2009 жылы облыс аудандарының ішінде алғашқы Ойыл аграрлық колледжі етіп атауларын өзгертіп, қайта құруда ол көп еңбек сіңірді.
Жоғарыда жазылғандай, «өтпелі кезең» Ойыл ауданында өте қиыншылықпен өтті. Елдің экономикасы, халықтың әл-ауқаты қазіргі ұрпаққа айтсаң нанғысыз әлсіреп, құлдырады. Еңбек етіп жүргендер үш-төрт айлап азды-көпті еңбекақысын, зейнетақысын ала алмады. Электр жарығы тәулігіне бес-алты сағат қана берілді. Азық-түлік, отын-шөп тапшылығы елді есеңгіретті. Дүкен сөрелері бос қалды. Сол кездегі аудан басшысы халыққа жағдай жасамақ түгіл, өзі отырған әкімшілік ғимаратын жылытуға да қауқары жетпеді. Аудандық мекемелер мен мектептерде жылу батареялары қатып, мұзға айналды. Көптеген мұғалім суық мектепте бала оқытып, ауруға шалдықты. Менің есімде, 1994 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сайлауы өтуі қарсаңында ауданда сайлауалды жиналыстар жасайтын, депутаттыққа ұсынылған 6 кандидаттың кезек-кезекпен сайлаушылармен кездесуін өткізетін жылы орын табылмады. Сол кезде жылу қазандығы жұмыс жасайтын мекеме Ғазиз директоры болып жасайтын жалғыз ғана Ойыл кәсіптік-техникалық училищесі болатын. Училищенің акт залы жиын, аудандық шаралар өткізетін клубқа, ал асханасы облыстан келген өкілдер мен қонақтарды кабылдайтын, өмірден өткен азаматтардың садақасын өткізетін орынға айналды. 1991-1997 жылдардағы халықтың жағдайының нашарлығы сондай, үйлену, қыз ұзату, мерекелі жасқа толу, құда шақыру, т.б. тойларды мейрамханада, кафеде өткізу деген ұғым да, қиял да болған жоқ. Осы тоқырау жылдарында жұртшылыққа пана болған, қамқор болған училище директоры Ғазиз еді. Сол кезде училище қорынан мектептерге, ауруханаға азын-аулақ болса да көмір мен солярка берілді. Халықтың қолындағы аз-кем бидайын тарту үшін диірмен орнатты. Тарихи ғимараттар: жәрмеңке корпустары, жәрмеңке комитетінің әкімшілік үйі, мешіт Ғазиздің қамқорлығы мен бақылауында болғандықтан, бұзылмай аман сақталып қалды. Кейіннен бәрі де күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне айналды. Осындай қажырлы істері арқылы ол облысқа танылды. Ойыл десе облыс басшыларының есіне Ғазиз түсетін болды. Сондықтан 1997 жылы оны аудан әкімі етіп тағайындады.«Ауыр жүкті нар көтереді» — дегендей, негізінен дотацияда отырған ауданды басқару оңай болған жоқ. Көптеген қиыншылықты қайыспай көтеруге тура келді. Бұл ретте оның қаталдығы мен талапшылдығын айту артық емес. Ол қаталдықты сол «өтпелі кезең» мен қалыптасқан жағдай еріксіз туғызды. Кадрларға өте қатты талап қоюға мәжбүр болды. Берекесіз кезеңде аудан орталығы Ойылда жеке мал бағылмады, сиырлар мен бұзаулар көше кезіп, талдарды отады. Осыны тәртіпке келтіріп, жолға қою мақсатында Ойыл селолық кеңесінің төрағасы Жалғас Хасеновтен бастап, мекеме басшыларын кезекшілікке қойып, күнбе-күн ірі малды күтуге қосу, бұзауларды бөлек бақтыруды ұйымдастырды және оны қатаң бақылауға алды. Бірқатар азаматтар бұл шараны күңкілге айналдырды. Дегенмен бұл игі іс өз нәтижесін берді. Өмірде біреуді ұнатсаң, сол адамның жақсы қасиеттері мен істерін көргіш болады екенсің.
Ауданға әкім болған жылдарында ол облыстың қай басшысымен болса да тіл табысып, аудан үшін көп жақсы істерге қол жеткізді. Өтпелі кезеңде Республикада бюджет тапшылығына байланысты басқару жүйесін оңтайландыру мақсатында 5 облыс пен 40 аудан жабылатын болды. Оның төртеуі: Ақтөбе облысының Мұғалжар (орталығы — Ембі қаласы), Исатай, Қарабұтақ, Ойыл аудандары болып белгіленді. Аудан әкімі Ғазиздің көптеген дәлел-дәйектерді алға тосып, жоғары органдарға тынымсыз барып, ізденуінің нәтижесінде аудан жабылудан аман қалды. Ал жабылған үш аудан халқы көшіп, ғимараттары қирап, талан-таражға түсіп, быт-шыт болды. Сол сияқты Қобдадан Ойылға 150 шақырымдық тасжолын салуды жеделдетуге осыдан 60 жыл бұрын Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінде оқыған, кейін облыс әкімі болған мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов пен Ғазиз Займолдиннің достығы мен сыйластығы, елге жанашырлығы себепші болғаны көпке аян.
Шағын ғана ауданда кәсіптік лицейді аграрлық колледжге айналдыру идеясы да Елеусін Наурызбайұлының бір заманда өзі оқыған оқу орнына деген қамқорлығы деп білген жөн. Сондай-ақ Ойылға газ келтіру жобалық-сметалық құжаттар жасау да сол кезеңдерде жасала бастады, оның бәрінің де игілігін қазір Ойыл халқы көруде, риза болуда. Ғазиз халыққа мейлінше қамқор басшы болды. Зейнетақысы мен жәрдемақыларын бірнеше айлап ала алмай жүрген, үйінде үнемі жоқ жалғызбасты, көпбалалы аналар «қайыр сұрағандай» жыларман халде амалсыз аудан әкімінен көмек сұрайтын кездер де болған. Сол кезде әкім өзінен бастап, әкімшілік қызметкерлерінің 3-5 мың теңгеден (ол уақытта бұл көп ақша) болса да ақша жинап, көмек көрсететін. Бірқатар қызметкерлер «өз жалақымызды өзімізге билетпейді» дегендей наразылық та білдірді. Дегенмен көпшілігі әкімнің бұл амалсыз әрекеттерінің уақытша құбылыс екеніне түсіністікпен қарап, бір-біріне басу айтты. Өмірден өткен адамның, мейлі ол ауқатты болса да, мейлі ол жоқ-жұқа кедей болса да, отбасына барып көңіл айтып, жаназасына қатысады. Қанша қиын кезең болғанымен, аудандық тұтынушылар одағында азық-түліктің шағын сақтандыру қорын жасап, қайғылы болған отбасына аз-кем мөлшерде болса да, шай, қант, ұн, күріш, сұйық май сияқты қажетті азық-түлік берді. Ол да қиын жағдайда отырған жандарға бір демеу. «Жігіттің абыройы артса, бір бақыт. Алған жары жақсы болса, мың бақыт» десек, Сұлтанғали молданың қызы, ұлағатты ұстаз, өнерпаз, сырбаз да сыпайы, ибалы да биязы Қатима қарындас отағасына төрт ұл, екі қыз сыйлады. Алтын асықтай ұлдарын өсіріп, оқытып, ұяға қондырды, қызғалдақтай қыздарын оқытып, тәрбиелеп, қияға қондырды. Мерейлі отбасы мәртебесіне ие болды. Қазірде немере-шөберелеріне мейірбан асыл әже болуда. Перзенттері елге сыйлы, ауданға белгілі азамат болып өсті. Ұлдары колледж директоры, аудандық мәслихат төрағасы, заң қызметкері, жеке кәсіпкер қызметтерінде әкесінің абырой-беделін одан әрі арттыру жолында қажырлы еңбек етуде.
Жақсымен жанассаң, жан дүниең байып сала береді. Осындай жақсылардың бірі еліне адал еңбек етіп, халқынан жанының жылуын аямаған, ар-ұят, жауапкершілік пен адамгершілік, талап пен тәртіп қанына сіңген, қиындығы да абыройы мол өмір жолынан өтіп келе жатқан ардақты азамат, бүгінде алдыңғы қатар легіндегі ғибрат иесі Ғазизге жерлестері мейлінше риза.
Жақсылық БИСАЛИЕВ,
Ойыл ауданының құрметті азаматы.