ОЙЫЛДА ӨҢЕШТІҢ ВАРИКОЗДЫ КЕҢЕЙГЕН ТАМЫРЛАРЫНА ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ЛИГИРЛЕУ ЖАСАЛДЫ
Жуырда Ойыл аудандық ауруханасына өңештің варикозды кеңейген веналарынан болған жедел қан кетумен және ауыр дәрежелі анемия жағдайында науқас түсті. Қан кетуді уақытша тоқтату және науқастың жағдайын тұрақтандыру мақсатында Блекмор зонды қойылды.
Науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін эндоскопиялық зерттеу жүргізіліп, өңештің варикозды кеңейген тамырлары анықталды. Қан кетудің қайталану қаупін ескере отырып, эндоскопиялық лигирлеу әдісі қолданылды. Процедура барысында варикозды тамырлар арнайы лигатордың көмегімен резеңке сақиналар арқылы байланды. Нәтижесінде қан кету толық тоқтатылды. Науқас бөлімшеде тиісті консервативті ем алып, медициналық бақылауда болды. Ем нәтижесінде жағдайы жақсарып, қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Бұл эндоскопиялық емдеу әдісі Ойыл ауданындық ауруханасында алғаш рет орындалып отыр. Заманауи эндоскопиялық технологияларды аудандық аурухана жағдайында енгізу – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.



