Ойыл ауданының кәсіпкерлігі: даму мүмкіндіктері мен шешімін күткен мәселелер
Қаржыландыруға қол жеткізу, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жер мәселелері және сұйытылған газбен қамтамасыз ету — Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың Ойыл ауданына жұмыс сапары барысында көтерілген негізгі мәселелер. Кездесулерде кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, қолға алынған жобаларды дамыту жолдары талқыланды.

Ойыл ауданында мал шаруашылығы, көкөніс өсіру, ұлттық сүт өнімдерін өндіру, сауда, қоғамдық тамақтандыру және ағаш өңдеу салаларында кәсіпкерлік дамып келеді. Жұмыс сапары барысында Палата директоры бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, олардың қызметімен танысты және кәсіп иелерімен бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді талқылады.
Алғашқы нысандардың бірі — Саралжын ауылдық округінде орналасқан «Айтан» шаруа қожалығы. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың 3 680 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Негізгі қызметі — мал шаруашылығы. Қожалықта 80 бас ірі қара, оның ішінде сүт бағытындағы 27 сиыр өсіріледі. Шаруашылық өндірілген сүтті Ақтөбе қаласындағы «Табыс» базары арқылы және жеке сатып алушыларға тікелей өткізеді. 2026 жылы кәсіпкер «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржыландыруға өтінім берген. Қажетті қаражаттың жалпы көлемі 90 млн теңгені құраған. Оның 67 млн теңгесі беріліп, қалған 23 млн теңгесі мақұлданғанымен, қаржыландыруды күтіп отыр. Алынған қаражатқа қазақтың қылшық жүнді қойының 1 000 басы сатып алынған. Шаруашылықта бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта тағы бір қызметкерді жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәсіпкер кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қатысты қиындыққа тап болған. Оның мәліметінше, «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы ағымдағы жылы алынған кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған өтінімді қабылдамаған.
Кәсіпкерлер палатасы бұл өтінішті қарауға алды. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін кредит шарты мен өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері зерделеніп, оны шешу жолдары қарастырылады.
Қаржыландыру мәселесін көтерген тағы бір кәсіпорын — бақша және көкөніс дақылдарын өсіруге маманданған «Спарта» шаруа қожалығы.
Шаруашылықтың 2 551 гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Бұдан бөлек, өндірісті дамыту үшін ауылдық округ аумағындағы 20 гектар жер пайдаланылады. Мұнда қарбыз, қауын, қызанақ, қияр және басқа да көкөністер өсіріледі. Өнім аудан тұрғындарына сатылып, Ақтөбе қаласындағы «Алтай» және «Авиагородок» базарларына жеткізіледі. Сондай-ақ, өнімнің бір бөлігі «Анвар» сауда желісі арқылы өткізіледі.
Шаруашылық төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жазғы демалыс кезінде мұнда 44 оқушы уақытша жұмысқа тартылған.
Шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремуратов «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржы алудың қиындағанын атап өтті. Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражатты алу кезінде кедергілер туындайды, ал қолданыстағы субсидиялау талаптарын қайта қарау қажет. Кәсіпкер әкімшілік рәсімдердің көптігіне де назар аударды. Кейбір мәселелерді шешу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қалаға бірнеше рет барып, қосымша құжаттар жинауға және бұрын өткен рәсімдерді қайта орындауға мәжбүр. Бұған қоса, бұрынғы кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек болмаса да, жаңа өндірістік кезеңге қаржы алу оңай емес. Ауыл шаруашылығында қаржыландырудың уақытылы берілуі ерекше маңызды. Көктемгі дала жұмыстарының нақты мерзімдері бар, сондықтан қаражаттың кешігуі бүкіл өндірістік маусымға әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы көтерілген мәселелерді Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі салалық кеңестің қарауына шығаруды жоспарлап отыр. Кеңес аясында ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен бірге кредит беру мен субсидиялаудың қолданыстағы тәртібі талқыланып, оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қарастырылады.
Жеке кәсіпкер Абыл Сатаевтың жобасы кемпинг пен автогаз құю станциясын ашуды көздейді. Қазіргі уақытта кемпинг құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды қазан айының соңында іске қосу жоспарланған. Кәсіпкер жобаға шамамен 50 млн. теңге инвестиция салған. Кемпингтің ашылуы жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкер нысан толық қуатына шыққан кезде шамамен 20 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Алайда автогаз құю станциясын іске қосуға байланысты мәселе әлі шешілген жоқ. Негізгі кедергі — нысанды сұйытылған көмірсутек газымен, яғни пропан-бутанмен қамтамасыз ету. Кәсіпкердің есептеуінше, станция айына 60–80 тонна газ қабылдап, өткізе алады. Бірақ оның жұмысын бастау үшін тиісті лимиттерді бөлу, газ жеткізуді ұйымдастыру және қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелерін шешу қажет. Бұған автогазды өткізуге және газ баллондарын толтыруға қатысты рұқсат беру рәсімдері де кіреді.
Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені сүйемелдеуге алды. Тиісті ұйымдармен және уәкілетті органдармен бірлесіп, оны шешу жолдары пысықталады. Автогаз құю станциясының іске қосылу мерзімі газбен қамтамасыз ету, қажетті лимиттерді бөлу және рұқсат құжаттарын рәсімдеу мәселелерінің шешілуіне байланысты.
Ойыл ауданында дәстүрлі өнім өндірумен айналысатын кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі — 2025 жылдан бері қымыз бен саумал өндіретін жеке кәсіпкер Ақмарал Сланова.
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылқы сатып алуға 18,2 млн теңге көлемінде қаржыландыру алған. Оның 10,8 млн. теңгесі игеріліп, осы қаражатқа 23 бие сатып алынған. Өнім аудан тұрғындарына өткізіледі. Кәсіпкер дәстүрлі қымыз бен саумалдан бөлек, ысталған қымыз және балқымыз да дайындайды. Осылайша, тұтынушылардың сұранысына сай өнім түрлерін көбейтіп келеді.
Бизнесті дамытудың келесі кезеңінде өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту көзделген. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен жылқыларды ұстауға және суық мезгілде бие саууға арналған орынжайларды дайындап жатыр. Сонымен қатар болашақта иппотерапия бағытын дамыту мүмкіндігі қарастырылуда. Өндірісті одан әрі кеңейту үшін қосымша жер учаскелері қажет. Атап айтқанда, кәсіпкер «Ауыл дәмі» дүкенін салуға және мал бордақылау алаңын ұйымдастыруға жер алуды жоспарлап отыр. Бұл мәселелер Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнама аясында пысықталады.
Шағын бизнесті дамытуға бағытталған тағы бір жоба — жеке кәсіпкер Гүлфия Мырзағұлованың қызметі. Ол 2021 жылдан бері тірі гүл сатумен айналысады. 2026 жылы кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кафетерий ашуға 10,8 млн. теңге алған. Бөлінген қаражатқа қажетті жабдықтар сатып алынған. Қазір гүл дүкені мен кафетерий орналасатын жеке ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысанның ашылуы кәсіпкерге үй жағдайында гүл сатудан дербес кәсіпкерлік нысанын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бір ғимаратта екі бағытты біріктіру клиенттер санын арттырып, бизнесті кеңейтуге жол ашады. Сонымен бірге кәсіпті толыққанды іске қосу үшін қажетті жабдықтармен қатар сенімді жеткізушілермен байланыс орнату, тұтынушылар сұранысын зерделеу және кәсіби дағдыларды жетілдіру маңызды. Осы бағытта Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерге Ақтөбе қаласындағы кофені тікелей жеткізушілермен байланыстырып, тәжірибе алмасуға және оқыту мәселелеріне қатысты қолдау көрсетті. Гүлфия Мырзағұлова оқуға кірісті.
Ойыл ауданындағы кәсіпкерліктің тағы бір бағыты — ағаш өңдеу. Жеке кәсіпкер Қуаныш Мергенбаев бұл салада 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Шеберханада бесік, сәкі, есік, орындық, ас үстелі және ағаштан жасалатын басқа да бұйымдар өндіріледі. Кәсіптің отбасылық сипаты бар: қолөнер дағдылары ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Өнімнің негізгі тұтынушылары — аудан тұрғындары. Сұранысқа қарай бұйымдар Ақтөбе қаласына да жеткізіледі.
2024 жылы кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,2 млн. теңге қаржыландыру алып, қаражатты жұмысқа қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсаған.
Кездесу барысында жергілікті тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мәселесі де көтерілді. Кәсіпкердің пікірінше, мемлекеттік сатып алу қағидаларын әзірлеу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру тетіктерін қарастырған жөн.
Шағын шеберханалар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысу өнім өткізудің қосымша арнасына айналуы мүмкін. Бұл өндіріс көлемін жоспарлауға және өнімге деген тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар салада білікті мамандар тапшылығы байқалады. Ауылдық жерде ағаш өңдеу шеберлерін табу қиын. Сондықтан қажетті жабдық пен сұраныс болғанның өзінде, мамандардың жетіспеуі өндірісті кеңейтуге кедергі келтіреді.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімімен және аудан прокурорымен кездесу де өтті. Тараптар бірлескен іс-шаралар, қабылдаулар және кәсіпкерлік нысандарына бару арқылы бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылды нығайтуға және оларға қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлер көтерген мәселелерді тиісті бағыттарға жауапты органдардың қатысуымен талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәселелерді шешу жолдарын айқындап, алдағы іс-қимылдарды нақтылауға жағдай жасайды. Кәсіпкерлер палатасы өтініштерді сүйемелдеуді, оларды бейінді ұйымдармен бірлесіп пысықтауды және жүйелі өзгерістерді талап ететін мәселелерді салалық кеңестердің қарауына шығаруды жалғастырады.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Ойыл ауданында 859 шағын бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 487-сі — жеке кәсіпкер, 320-сы — шаруа қожалығы, 52-сі — заңды тұлға.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов кәсіпкерлердің өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізудің және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
«Біз үшін кәсіпкердің мәселесін тыңдап қана қою жеткіліксіз. Әрбір жағдайды зерделеп, оны шешу үшін қандай қадамдар қажет екенін анықтау маңызды. Сапар барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды да, одан әрі дамуға әлеуеті бар жобаларды да көрдік. Сонымен қатар кәсіпкерлер қаржыландыру, субсидиялау, жер қатынастары және инфрақұрылым мәселелеріне тап болып отыр. Бұл өтініштерді бейінді ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жан-жақты қарастыру қажет. Біздің міндетіміз — кәсіпкерлердің өз ісін дамытуына, жаңа жұмыс орындарын ашуына және аудан экономикасына үлес қосуына мүмкіндік беретін нақты шешімдер табуға ықпал ету», — деді Дидар Боранқұлов.


