МАЛЫҢ САРЫП БОЛМАСЫН!

Сарып ауруы, яғни бруцеллез — адам мен жануарларда кездесетін жұқпалы ауру. Оны Brucella тобына жататын бактериялар қоздырады. Бұл ауру көбіне ауыл шаруашылығы жануарларынан адамға жұғады. Сарып әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын адамдар арасында жиі кездеседі. Сарыптың негізгі жұғу көзі — ауру мал.
Адамға инфекция көбіне ауру малды күткен кезде, төлдету барысында, малдың қаны немесе басқа бөлінділерімен жанасқанда жұғады. Сонымен қатар пастерленбеген сүтті және одан жасалған өнімдерді пайдалану да қауіпті. Аурудың алғашқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Науқаста дене қызуы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, қатты терлеу, тәбеттің төмендеуі байқалады.
Сонымен бірге бұлшықет пен буындар ауыруы мүмкін. Кейбір адамдарда ауру ұзақ уақытқа созылып, созылмалы түрге айналады. Сарып ауруын анықтау үшін дәрігер науқастың шағымдарын, ауру тарихын және зертханалық талдау нәтижелерін бағалайды. Диагнозды нақтылау үшін арнайы қан анализдері жүргізіледі.
Сарыпты емдеу үшін дәрігер тағайындаған арнайы антибиотиктер қолданылады. Емдеу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, сондықтан дәрігердің нұсқауын толық орындау өте маңызды. Дәрілерді өз бетімен қабылдау немесе емді ерте тоқтату аурудың қайта өршуіне әкелуі мүмкін.
Сарыптың алдын-алудың ең тиімді жолдарының бірі — мал арасында ауруды дер кезінде анықтап, ветеринариялық бақылауды сақтау. Сүтті міндетті түрде қайнатып немесе пастерленген күйде пайдалану керек.
Малмен жұмыс істегенде қолғап және басқа да қорғаныш құралдарын қолданған жөн. Қорытындылай келе, сарып — адам денсаулығына кері әсер ететін қауіпті жұқпалы ауру.
Одан сақтану үшін жеке гигиенаны сақтау, мал өнімдерін дұрыс өңдеу және ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау қажет. Ауруға күдік туындаған жағдайда медициналық мекемеге уақытында қаралған дұрыс.
Ғ. ҚҰБАЕВ,
Ойыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.



