Жаңалықтар

АҚЫЛДЫҢ АЛАҢЫ – АТАЛАР ДОДАСЫ

Ойыл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ардагер аталар арасында шахмат пен тоғызқұмалақтан «Шахмат пен тоғызқұмалақ – ақылдың қос қанаты» атты зияткерлік сайыс өтті. 16 қазан күні ұйымдастырылған шараның мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қолдап, ұлттық ойындар мен зияткерлік спорт түрлерін насихаттау.

Сайысқа Ойыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев, аудандық архив мекемесінің басшысы Мұратбай Айдарбаев, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бақберген Мұхамбетқалиев және ардагер аталар қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Болат Бақтыгереев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай басқосулардың аға буын өкілдерінің басын қосып, өзара сыйластық пен белсенділікті арттырудағы маңызына тоқталды.

Зияткерлік сайыста қатысушылар шахмат пен тоғызқұмалақтан өзара бақ сынап, ой ұшқырлығы мен шеберліктерін көрсетті. Жарыстың әділ өтуіне Мұратбай Айдарбаев, Бақберген Мұхамбетқалиев және орталық басшысы Жангүл Ізғарина төрелік етті.

Сайыс қорытындысы бойынша шахматтан Өтесін Қабекешов бірінші орынды иеленсе, Мұқан Тлеубаев екінші, Болат Бақтыгереев үшінші орынға тұрақтады. Ал тоғызқұмалақтан Өтеген Сағатов үздік атанса, Биғали Ахметов екінші, Сәуірбай Ұлықпанов үшінші орынға ие болды.

Жеңімпаздар мадақтамалармен және медальдармен марапатталды. Сайыстың ерекшелігі – қатысушылар арасында сексен жастан асқан қариялардың да болуы. Жас ұлғайса да, зеректігін шыңдап, ой еңбегінен қол үзбеген аталардың белсенділігі көпке үлгі болды. Сондай-ақ жарысқа қатысу үшін Саралжын ауылдық округінен арнайы келген Өтесін ағаның ынта-жігері де атап өтуге тұрарлық.

Осындай шаралар ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Шахмат пен тоғызқұмалақ арқылы ойлау қабілетін шыңдап, өзара тәжірибе алмасқан аталар кейінгі ұрпаққа да үлгі көрсетті.

Аға буынның ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі – ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Ақылдың алаңында бас қосқан аталарымыз аман болып, ортамыздың сәні мен ұрпақтың өнегесі бола берсін!

Related Articles

Back to top button