БЕСТАМАҚТА САЯБАҚ ПЕН ЕСТЕЛІК ТАҚТА АШЫЛДЫ

Республика күні қарсаңында Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылының тұрғындары қос қуанышқа кенелді. Ауыл орталығында жастардың бастамасымен қолға алынған заманауи үлгідегі саябақ пен естелік тақта салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Займолдин арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан Республика күні мерекесімен және жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады.
«Республика күні – елдігімізді ұлықтайтын мереке. Осындай мереке қарсаңында ауылдың көркеюі үшін, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан игі істер – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Жаңа саябақ пен естелік тақтасы бестамақтықтарға құтты болсын!» – деді аудан басшысы. Сонымен қатар шара барысында осы саябақты салуға атсалысқан бірқатар ауыл тұрғындары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Аудан басшысы белсенді азаматтарға ауылдың дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Нысандардың ашылуы дәстүрге сай лента қию рәсімімен басталып, ауыл ақсақалының ақ батасымен жалғасты.
Жаңа саябақта тұрғындардың демалуына барлық жағдай жасалған. Балаларға арналған әткеншектер, сырғанақтар мен қауіпсіздік талаптарына сай ойын жабдықтары орнатылып, жасыл-желек отырғызылған, жарық шамдары қойылған. Ал ашылған естелік тақта ауыл тарихын ұлықтап, өскелең ұрпаққа тағылым бермек.
Ауыл тұрғындары қос қуанышқа риза болып, ауылдың көркеюіне үлес қосқан барша азаматтарға алғыстарын білдірді. Ынтымағы жарасқан, жастары белсенді ауылдың болашағы жарқын екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.






