ЖАҚСЫҒА ЖОРУ (үзінді)
Тары тақырыптамасы бойынша тың дүниелерді тарихи ғылыми айналымға қосып, осы салаға елеулі олжа салып келе жатқан белгілі зерттеуші қаламгер, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипломының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының жəне Журналистер одағының мүшесі, Ресей Аудармашылар одағының мүшесі, таяуда «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілген ақтөбелік жерлесіміз Серікқали Байменшенің үстіміздегі жылы Алматыда жарық көрген «Жерде жанған жұлдыз» кітабы əлемге əйгілі диқан, біртуар Шығанақ Берсеевке қатысты, айтулы дақылдың тағылымды шежіресіне тиесілі танымдық эссе-əңгімелерден түзілген. Біз бүгін сол кітаптағы бір шығарманы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Су… Қаптаған су… Жер жүзін су басып барады… Қарғын су ма? Қайдан келген? Өзеннің тасығаны ма?!.. Мүлде бөтен көрініс: су астынан мойын созған сорайған бөренелер; қаланың көшесіндегі секілді шашыраған көк шатырлы үйлер жартылай көрініп, су бетінде қалқып тұр. Қабырғалары суға мүжіліп бара жатқан сияқты; үңірейген терезелері үнсіз қарайды. Мынау үйлер қайдан пайда болған? Қалқоздың жайдақ қара үйлері қайда кеткен? Мына ауылды су басып кеткені несі? Адамдары қайда? Жерді жапан су басса, егіннің жайы не болды? Əншейінде атыздың құлағын ашпасаң, жетекке жүрмейтін судың бұл қайтіп асып-тасқаны? Бойлауық тары шіркін суға шомып тұр ма? Көк майса құрақтай шашақты басы шашылып қалды-ау…
Шырт ұйқыдан шошып оянды. Əлі таң атпапты. Бірақ қатты терлепті əрі алқынып, демігіп жатыр екен. Кеудесін белгісіз бір үрей қысып, жүрегі баяу соғатын тəрізді. Бойда қорқыныш бар сияқты ма… Бұрын түс көргенде есіне сақтай қоймайтын, өзінен өзі ұмытылып кететін. Таңертең оянған сəтте түнде бірдеңе көргенін сезетін, бірақ аз уақыттан кейін бəрі көмескіленіп, күннің күйбең тірлігі бəрін жұтып алатын. Бұл жолғы түсін ұмытпай оянды; бұрын-соңды көрмеген, алды-арты белгісіз, мүлде бөлек түс. Сусаған адам сияқты су көргені несі? Қарайған тіршілікті қамап тастаған бұл қайдағы қарғын су? Үй жайды басып қалғаны қандай ырым? Көзін ашқан сəттен əлгі түсінде көргені айнадай анық санада тұрып алды. «Бүкіл ғұмырыңды тары егуге жұмсадың, суарма деп зар қағып жүрдің, сосын түсіңе су кірмегенде не кіреді?» дейді бір ойы. «Мына мол су апаттың емес, еңбегіңнің қаншалықты қымбат екенін сездіргені шығар» дейді жəне бір ойы.
Əдетте қызыл күрең шəйді кесеге жұқтырып, қоюлау қылып, қайнатып тұрып ішуші еді. Осы əдетін білетін кемпірінің аққұманы шоқтан түспей тұратын. Бүгін бұлай болмады. Таң алдында көрген түсі кеудесінде кілкілдеп тұрған секілді. Оны қалай жоруын білмей дал болды. Біреуге барып сұраудың жолын таппады. Жақын маңайда жорып беретін түсші де жоқ. Көрген түсін қолмен ұстағандай қоятын жорығыш түскерлік бойына бітпегенін өзі жақсы біледі. Түсті біреулер болашақтың хабаршысы дейді. «Түсі оңғанның – ісі оңады» дейді. Бірақ жер бетін қаптаған су оңған түс емес… Ол шырғалағаң ойға шырмалып, тұспалды түстің түбі жеткізбей əрі түс шіркіннің мына кездейсоқ бұйрығын ұға алмай көп отырды. Кемпіріне түсін айтуға сəл оқталды да… Сонау Мөңке би бабасынан бері айтылып келе жатқан тəмсіл есіне түсіп, кілт кідіріп қалды.
Ата санап, ағаш кертуді дəстүрге айналдырмаса да, арғы бабаларының сабақты ісін санасына құйып, зиятты сөзін мұра етіп жүретін ол шешесі Шалқаудың шешіліп айтатын ұзақ-сонар əңгімесінің бір ұшы осы түстің жайына барып тірелетіні есіне алды.
…Арғы бабасы Ебескі деген кісінің Алтай, Құттығай, Жаңатуған, Қарнақ, Қайман деген бес ұлы болыпты. Ол қартайғанда үлкен ұлы Алтайдың қолында тұрыпты. Келіні ақылды адам болса керек, күйеуіне «атама жас иіс алып бер» деп айтады екен. Бастапқыда бұл сөзді Ибескінің өзі де қайырып тастап жүріпті, бірақ Алтай ұлының тарапынан қайта қайта айтыла берген соң ақыры айла жасағандай болып, «қол жетпес алыс жерден айттырыңдар» деп келісімін беріпті. Ауылдың үлкендерін жинап, ойын ортаға салған Ебескі «Орта жүздің бір асыл азаматымен көп жыл жорықтас болып едім, оның алты ұлы талай шайқасқа бірге қатысқан еді. Сол алты ұлдан кейінгі көрген кенже қызы Шолпан қазір 28-29 жаста болса керек. Берсе, сол жорықтасым қызын береді» дейді. Сөйтіп, неше күндік сапарға аттанған құдалар барар жеріне аман-есен жетіп, белгілі батырдың аулына ат басын тіреп, ұзақ жолдың арнайы мақсатын баяндайды.
Мұны естіген Шолпан қыз «Əкеммен жасты адамға əйел болғанша, өлгенім артық» деп молаға қарай жүгіріпті… Жылай-жылай шаршап, бір зиратқа сүйеніп отырып ұйықтап кетсе, түсіне бабасы кіріпті де, оған: «Балам, тұр! Басыңды көтер! Барған жеріңде ұл туарсың, атын Жұлдыз қой, қыз туарсың, атын Құндыз қой. Екеуінің де елге атағы шығар» деп ғайып болыпты.
Сол Шолпан анасынан Жұлдыз бен Құндыз туғанын, Ебескі бабасы қайтыс болған соң, Шолпан ананың ру басы болып қалғанын, өзінің де Кетенің Жұлдыз аталығынан тарайтынын Шығанақ жақсы біледі. «Түс деген осылай, бəрін алдын ала білдіріп отырады» деп аяқтайтын əңгімесін Шалқау шешесі.
Ал мұның түсі нені білдіргені? Алаңдағаны – таңдаулы төрт телім танабы еді. Өзі арман еткен егістік. Əр түйір дəнді қолмен іріктеп, алақанына салып, аялап апарып жерге сіңіргенде болашақ мол өнім көз алдына елестеген. Уақытты да, шаршауды да ұмытып, ендігі өмірі осы алқаптың арғы-бергісімен өлшенетіндей сезімде болған. Таңнан кешке дейінгі ойы – қайткенде де өзі ойлағандай өнім алу болатын əрі өнімнің мол түсетініне сенімді еді. Егістікті аралап жүріп, су шаймаған құрғақ топрақты, күлтелі басына күн түсіп, аман-есен өсіп тұрған шашақты тарыны көріп, кеудесіндегі ауырлық сəл сейілгендей болды. Дегенмен, көңіл түкпірінде түндегі түстің салқыны əлі бар.
Соның мəнін іздегісі келеді. Мүмкін, бұл түс оған бір нəрсені ескерту үшін кірген шығар. Əлде бұл болатын істің өзі емес, оған дайын бол деген белгі ме? Бəрібір түбіне жете алмайтын секілді. Өз жүрегіне салып жорып көрсе, оның жауабы ішінде емес, алыста, сыртта тұрған сияқты сезіледі. Əлдебір бейтаныс ауылды (əлде өз ауылы ма?) су басуы үлкен бір өзгерісті аңғартатын сияқты. Бірақ қазір соғыстан басқа не өзгеріс керек бұл елге?! Соғыс жеңіспен аяқталса, балалары аман-есен оралса, өзгерістің ең басында сол тұр емес пе?
Алқап шетіндегі дөңеске шығып отырды. Шылым орауға кірісті. Түсінде көрген мол судың ізі де жоқ. Қалқоздың қарайған үйлері де дін аман. Төменде Ойыл асықпай ағып жатыр. Аяқ асты тасып, бұлқан-талқан мінез көрсететін асау өзен емес бұл; керісінше жуас, суы жұмсақ өзен. Түсіндегі топан судың Ойылдың күрт тасуынан болмаса, басқа келетін жолы жоқ. Жұрт осы Ойылдың суын өрге шығара алмай келді емес пе? Баяғыда төрт үй жабылып, түйе шығырмен алақандай жерге егін салғанда, соған да шүкіршілік еткен.
Темекі түтінін будақтата шығарып, көкжиекке сығырая қарады. Теп-тегіс, түгі селдіреген шексіз дала; құп-құрғақ аспанға бұлт айналмаған соң алақаны ашылмай, өсімдік тамыры кеуіп бара жатқан сияқты. Көңілін мотор дауысы бөлді. Шығанақ етек-жеңін қағып, орнынан тұрды.
…Өзінің таңдаулы танаптарына таяу тұр екен. Қолмен қазған баяғы бас арықтың ізі жоқ, үйіндісі қалыпты; темір күрегімен талай мəрте құлағын ашқан қалың атыздың іші толы батпақ; тары жайқалып өсетін алқаптың орнын жабайы шөп басып кетіпті; қурай, ши, бұта қаулап, мал аяғына тапталып жатқан жер; түйенің мойнындай түтігін жоғары көтеріп, жазыққа су шығаратын қозғалтқыш жоқ, қолды болды ма, сынып құрыды ма, белгісіз… тары өсіруге қолайлап жүрген жерінің бəрі тұяқкесті шиыр боп, мал өрісіне айналған сияқты… ойдағы оймақтай өзені мүлде көрінбейді!
– Ойбай, Ойыл қайда?!
Шошып оянды. Тағы да түс көрді. Тағы да сол алқына соққан жүрек, дел-сал күй. Бұл жолы əлгі қаптаған қалың су жоқ, есесіне жермен-жексен, теп тегіс, қураған типыл дала. Адам аяғы баспаған, түрен тісі тимеген бейтаныс тұл алқап кірді түсіне… Өзен аңғарындағы өз танаптары екенін таныды… Бірақ терең арнасынан төгіп су беретін баяғы Ойылы үзіліп-үзіліп көзге шалынады!
Алғашқы түсінен арылмай жатып, тағы да түс көруін қалай жоруды білмеді. Тасыған судың екпіні басылып, арнасына қайтатыны белгілі, ал мына екінші түсі не айтқысы келгенін түсіне алмады. Өзін осы соңғы түсі қатты алаңдататын сияқты.
* * *
– Е-е.. түсті де жақсыға жорыт деген… Дауысының қаттырақ шығып кеткенін байқамады. Іштегі лықсып келген ойды тежей алмаған екен. Жанындағы ауылдық кеңес төрағасы Рақметжан бетіне бұрыла қарады. Екеуі егістіктің шетіне жетіп тоқтады. Аттарын тұсап, отқа қойды да, көк шөптің үстіне малдас құра отырды.
– «Жас келді, жан жақын» деген бар, Рақметжан! Соңғы уақытта екі рет түс көрдім. Əшейінде ұмытып қалатын едім, бірақ осы екі түсім ұмытылмады, – деп Шығанақ көзі ашық туысқан інісіне сыр ашты.
– Ертеден қалған «түсіңді жездеңе, жиеніңе жəне əйелге жорытпа» деген сөз бар еді. Ақсақалдар «түсің ді жақсыға жорыт» деп жататын баяғыда. Əрі ойлап, бері ойлап, өзіңнен артық ешкімді таба алмай отырмын. Аталас ағайын, бауырымсың. Оның үстіне əкең белгілі би болған адам еді; менен гөрі көзің ашық, сауатты, оқыған азаматсың, – деп Шығанақ сөзін əрі қарай жалғады.
Естіген жерде ой қалмас. Рақметжан тауанды ағасының бейтап мінезін түсінді. Əрі соңғы уақытта төсек тартып қалмаса да, қатты ауырып жүргенін, Мəскеуге барып емделіп қайтқанын жақсы білетін. Сол себепті мазасыз түс денсаулығына байланысты шығар деп ойлады.
– Ауырып жүрген соң кірген ғой, Шықа! Адамның күш-қуаты азайып, шаршап, дəрменсіздеу болған кезінде осындай түс көреді. Соғыс, жұмыс, ішкі уайым дегендей, осының бəрі əсер еткен шығар. Өзіңіз қалай жорып отырсыз?
– Бірінші жолы жер бетін түгел су басып кеткен кезде, екінші рет бəрі құрғап, жоғалып кеткен кезде тары өсіріп келе жатқан танабымның өзін ғана емес, ізін таба алмай қиналдым… Содан кейін не деп жориын?!
Шығанақ мұңайған қалыпта үнсіз қалды. Інісінің «түс тура келе қоймас» деген сабырлы сөздері біршама басқандай болса да, бəрібір көңілден алаң кетпеді.
– Кейбір өңірде түс тура келмесін деп тұра салып көзді суық сумен жуатын дағды бар, – деді Рақметжан күліп.
Шығанақ та жымиды:
– Алдағы түс болмаса, бұл түстер өтіп кетті енді. Тағы да түс көре қалсам, ұмытып кетпесем, көзімді жуармын сол кезде.
Рақметжан сұңғыла шалдың қабағын кірбің шалса да, сездірмей, өзін өзі қинай жымиғанмен, қаншама қиырды санамен шолып отырғанын сезді. Мынау дүниені дүр сілкіндірген диқаншылық даңқы өзі барда өлмейтінін біліп отыр. Ал егер, мəңгілік ешкім жоқ, ертең арғы дүниеге жол түссе, жиырма сегіз жасынан бастап соңына түсіп тəрбиелеген ақ тарысының ақыры не болар екен деген сұрақ суымайтыны белгілі. Іркес-тіркес көрген екі түсінің сыры да осындай ішкі күйзелістің, мазасыз ойдың əсері екені сөзсіз. Бүгінгі үшін емес, болашақ үшін алаң.
* * *
– Ақжібек, қызым, – деді Шығанақ кешкі ас дастарқаны жиылған соң. – Қағазыңды алшы!
Шығанақ біраз уақыттан бері істелген жұмыстарды қысқарта тізбелеп, күнделік іспетті жазып қоюды дағдыға айналдырып еді. Сол əдетімен баяу сөйлеп отырды.
Ақжібек ақ қағазға түсіріп жатыр: «Масақ бой салып өскен екен, бүгін Имамберді екеуміз тарыны үшінші рет суардық. Бəріне де су жетті. Алғашқы суарғанда су бармаған жерлер бар еді, соны қайта тегістедім, су тұтас жайылып барды. Арам шөпті бойжасатпай отағанымыз дұрыс болыпты, шүйсіз терең айдалған жерге үйірлесе алмапты…».
Шығанақ терең тыныстап алды да, «Рақметжанға жолықтым, түс туралы айттым. Ол өзінше жорыған болды» деп бір тоқтады.
– Ол қандай түс, ағыке? – деді Ақжібек қағаздан басын көтеріп алып. Шығанақ үндемеді.
* * *
…Ағаш бөшкеге салып, ұра қазып көмгені осы жер ғой! Өзінше тұқымға деп қалдырғаны еді. Тұқым болғанда да, əлгі ізіне түсіп келе жатқан қара ноқатты тарысы еді. Інісі Түнғатар екеуі алғаш рет тары еккен əнебір жылы… Тап сол жылы жаңбыр болмай, құрғақшылық қысып, қырға еккен тары өсіп жарымады. Əйтеуір қылтиып көрінгенін бір-бірлеп жұлып, соған қанағат етті. Су болмаса, арпа, бидай секілді емес, тарының тəуекелі жоқ екенін сол кезде жақсы сезген. Бірақ тап сол жолы, арпа ішіндегі бір бидай сықылды үш қара ноқатты тарыға тап болған. Осыны өзіне олжа көрді. Таңбалы тарыны даралап орып, бөлек бастырғанда 3 пұт шыққан. Соны қазып көміп еді… Сол ұраны таба алмай жүр бағанадан бері…
Ұра табылмаса, тұқым да жоғалды деген сөз ғой… Ұраны не көмген алады, не көрген алады. Көрген біреу алды ма екен… Осы тұқымнан үмітті еді… жақсы өнім беретініне сенімді еді… Осының ірілерін іріктеп, тағы да майданға салсам ба деп жүрген… Тап соның жоғалғаны ма?! Онда бəрі із-түзсіз кетті десеңші…
Күректі тағы бір дөңестеу тұсқа батыра берген де… оянып кетті!
«Ақ тарымның тұқымы жоғалды» деп қынжылып жатқаны түсі екенін білгенде көңілі саябыр тапқандай болды. Өңі емес, түсі екені қуантқандай. Рақметжанның айтқаны есіне түсіп, «түсім тура келмесін» деп орнынан тұрып, пеш үстіндегі ақ шəйнектің жылы суымен екі көзін шайды. «Ырым ғой, қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп жататын. Бірақ тарыға тіреліп тұрған соң, қырын кетсе де, тап осы ырымды онша жек көрмеді.
«Қара ноқатты тары көрсеңдер, бір шелегіне екі шелек тары берсеңдер де алып қалыңдар, қайдан, кімнен алғанын сұрауды ұмытпаңдар» деп ағайын туысқа хабар салғаны бар-ды əнебір жылы. Белгісі бар тары дəнінің 4-5 шелегін солай жинаған. Қазіргі таңдаулы дейтін телімнің топырағы астында сол кезден бастап жиналған таңбалы тарының тұқымы тепсініп жатыр. Балағынан өсетін бала тары сақайып, тармақ-тармақ болып өрлей тарағанда, сырғалы қыздай көз тартып, жайқала тəжім етіп тұра қалатын сəті енді алыс емес…
Сол тарысының тұқымын түсінде жоғалтып алыпты мүлдем… Көмген жерінде жоқ, қолды болды ма, əлде табылмаған күйі қара жердің астында қалғаны ма?..
…Рақметжан Шығанақтың айтқандарын ұмыта алмады; дауылпаздай даңқы бар адамның баладай босап, көрген түсін көңілінен көшіре алмай жүрген кейпі ойландырмай қоймады.
Бұл – Шықаңның абыройы артып, инабаты өскен шағы. «Ісі ерсінің түсі ерсі» дейтіндей бөле-жара адақтайтын ахуалат болған жоқ. Төсегі топырақ, жастығы жапырақ болып келе жатқан адам. «Түс – түлкінің тезегі» деген. Неге қайғырдың, ақ тарының ақтангері? Əлде күндерден күндер, жылдардан жылдар өткен соң тары жарықтықтың жалт етіп жоқ боларын сезіп жүр ме жүрегің? Аялаған ақ тарыңның ешкімге керек болмай қалатынын, маңдай терің төгілген тары танабының келер заманда мал тұяғының астында қалып, тапталып, жоқ болатынын болжағаның ба? Абыздың ақ тарысының бір түйірін таба алмай қалың елің сең соққан балықтай сенделерін сезгенің бе, сабазым?…
«Артымда өзім өлсем қалар сөзім, Бір күні ажал келіп жұмсам көзім…».
Рақметжан өз өлеңін есіне алды…
Серікқали БАЙМЕНШЕ.



