ӘкімдікБасты тақырып

Өткен жылы ел тілегі ескерілді, биыл да атқарылатын істер аз емес

ЕСКЕ САЛСАҚ, ЕЛІМІЗ БОЙЫНША БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУ НАУҚАНЫ АҚПАН АЙЫНДА БАСТАЛДЫ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ҮДЕРІС БІЗДІҢ АЙМАҚТА ДА ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА. ӘКІМДЕРДІҢ ІСКЕРЛІГІ СЫНАЛАТЫН ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ ЖИЫНДАРЫНДА АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛЫП КЕЛЕДІ. СОНДАЙ-АҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ. ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫ ЖОЛЫНДА КӨТЕРІЛГЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ӨТКІР САУАЛДАР БОЙЫНША ЖҰМЫСТАНУ КЕРЕКТІГІ ДЕ БАСТЫ НАЗАРДА.

Осы орайда өткен жұма күні түске дейін аудандық мәдениет үйінде Ойыл селосының әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру кездесу жиыны өтті. Ойымызды екшеп қарасақ, округ әкіміне жүктелген міндеттер аз емес. Оны осы жиында байқатты. Ойыл селосы, Қаракемер, Ақшатау елді мекендері мен қатар ауданның иегінің астында жатқан Екпеталда да село әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың атқарған жұмыстары жетерлік. Оған қосса алдағы атқаратын міндеттері де аз емес. Сондықтан село әкімі аталған елді мекендерде жасалған жұмыстарды тұрғындар алдында жіпке тізгендей айтып берді.
Одан кейін аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл ауданының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттер  туралы  есебін берді. Тарқатып айтсақ, өткен жылғы есеп беру кездесулерде аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді ұялы байланыспен қамту, типтік үлгідегі спорт алаңдарын салу және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерi жөнінде                        10 мәселе аудан деңгейіндегі іс-шаралар жоспарына енгізіліп, толық орындалып отыр. Оның ішінде 7 елді мекеннің кіре беріс автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру бағыттарында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Жыл сайын ауданның келбеті жақсарып, санитарлық тазалығы да артып келеді.
Сондай-ақ ,мардымды жүзеге асқан межелі істерге шолу жасасақ, аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол сапасын бақылау мақсатында қабылдау уақыты келесі жылға қалдырылды. «Шұбарши ауылына кіре беріс» 0-15,2 км автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында.
Қайыңды ауылына кіре беріс 0-26,960 км» автокөлік жолына орташа жөндеу жұмысына жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, 712 млн. 136 мың теңге қажетті қаржыға облысқа бюджеттік өтінім беріліп, конкурс берілуде. Оған қоса аудандық маңыздағы Бестамақ, Ақкемер, Кемер, Қаракемер ауылына кіре беріс, Ақшатау-Қаракемер, Құмжарған, Екпетал ауылына кіре беріс  автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өткізілуде.
Көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жалғастырылып, 2021 жылы аудан бойынша  426,0 млн. теңгеге 11,25 км 14 көше асфальттанды. Биыл аудан ішіндегі 6 көшеге асфальт төсеу міндеттері күтіп тұр.
Тұрғын үй құрылысы бойынша атқарылып жатқан шараларға көңіл тояды. Құрылыс жұмыстары бойынша жеке секторда 8568 шаршы метр 53 тұрғын үй және жалпы сметалық құны 161,0 млн. теңге құрайтын 1891 шаршы метр екі қабатты екі сегіз пәтерлі жалдамалы-коммуналдық  тұрғын үйлер іске қосылып, өткен жылмен салыстырғанда 113,4 пайызға өскен.
Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға елді мекендерден тұрғын үй сатып алып беру мақсатында Республикалық бюджеттен 16,7 млн. теңге қаражат бөлініп, Көптоғай, Кемер, Ақшатау, Ойыл, Қаракемер, Бестамақ, Қараой ауылдарынан 7 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Біздің аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы осы сала бойынша да атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталып, шаруа баққан жандарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал басын көбейту, асылдандыру сынды шараларға әлі де белсенділік таныту керектігін баса айтты.
Есеп беру баяндамасының соңында аудан басшысы «Құрметті аудан тұрғындары, 2021 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық  дамуындағы қол жеткен жетістіктер- біздің ортақ жемісіміз.
Ауданның өркендеуіне үлес қосқан баршаңызға ризашылығымды білдіре отырып, алдағы есептік кездесулерде аудан халқының ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге белсенді қатынасуға шақырамын», — деп сөзін түйіндеді.
P.S. Аудан мен село әкімінің есеп беру жиынына қатысушылар алда қандай міндеттер мен ауқымды жобалар атқарылатынан хабардар болып ғана қоймай, қойылған сауалдарына толыққанды жауаптар алды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар