Сайлау

Сайлауға қатысу қазақстандықтарға өңір, аудан және қала мәселелерін шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді

Сайлау билік пен халықтың арасын жақындата түседі. Мәслихаттар жергілікті бюджеттерді бекітіп, өңірлердің дамуын бақылайды. Депутаттардың жауапкершілігін арттыру мәслихаттардың кәсібилігі мен тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңартылған мәслихаттар азаматтардың жергілікті жердегі әл-ауқатын жақсарту мәселелерімен белсенді айналысатын білікті депутаттар корпусына айналуы тиіс.

Сайлаушылардың нақты таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде 11 мыңға жуық кандидат тіркелген, сайлауға жеті саяси партия қатысуға жіберілді. Сонымен қатар азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады. Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау кезінде азаматтар партиялық тізімге де, нақты кандидатқа да дауыс береді.

Сайлауға қатысу мүмкіндігі барынша қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсті. Азаматтар өз сайлау учаскесін онлайн анықтап, байланыс орталығы арқылы қажетті ақпарат ала алады. Сайлау материалдарымен ана тілінде және ымдау тілі арқылы танысуға мүмкіндік бар. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Науқанның барлық кезеңі байқаушылар үшін ашық.

Мәслихат сайлауы қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайтуға да ықпал етеді. Ол азаматтарға өкілді органдарды қалыптастыруға қатысуға, бастамалар көтеруге, өз елді мекендерінің мүдделерін қорғауға және сайланған депутаттардан нақты нәтиже талап етуге мүмкіндік береді. Кандидаттар мен партиялар арасындағы бәсекелестік пікір алуандығын қалыптастырып, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге жол ашады. Сайлаудың маңызды нәтижелерінің бірі – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру. Сайлаушылардың қолдауына ие болған депутаттар азаматтардың мүдделерін білдіріп қана қоймай, өз жұмыстары туралы тұрақты түрде есеп беруге, халықтың өтініштеріне ден қоюға және өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға тиіс.

Мәслихат сайлауы – өкілді демократия мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың маңызды тетігі. Әрбір сайлаушының дауысы алдағы бес жыл бойы өңірдегі өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайтын өкілді органның құрамын айқындайды.

Related Articles

Back to top button