ӘлеуметБасты тақырып
Ұлыларға құрмет – ұрпаққа міндет
БИЫЛ ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КОРРЕСПОНДЕНТ–МҮШЕСІ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР ӘНУАР ДЕРБІСАЛИННІҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ ТОЛДЫ.
Осы орайда ғалымның тоқсан жылдығына арналған алғашқы шара Саралжын ауылдық округінде басталды. Жерлестері бастаған шараға ғалымның ізбасарлары мен ұрпақтары арнайы келді. Шараға жиналған қонақтар легі Ә.Дербісалин атындағы мектептің жанынан жасақталған музейді аралады. Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің күшімен жасақталған музей сөрелеріндегі экспонаттар ғалымның өткен өмір жолынан үн қатып тұрғандай. Ғалымның өткен өмірінен сыр шертіп, тарихтың өткен күндерінің куәсіне айналған сарғайған парақтар расында ұлы тұлғалардың ұлы еңбектерін еріксіз еске түсіреді. Одан кейін айтулы шара ғылыми конференциямен жалғасты. Конференцияны Саралжын топырағынан шыққан белгілі қаламгер, ақын Нұрлыбек Қалауов жүргізді. Онда алғаш болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Ербол Тілепов бар жұртшылыққа құттықтау тілегін жеткізді.Жоғарыда аталғандай ғылыми конференция екі сағатқа созылғанымен жуырда ғана ашылған жаңа клубтың көрермен залын толтырған дүйім жұртшылықты еш жалықтырмады. Бүкіл қазақ елінің, филология ғылымдарының мақтанышына айналған авбал ағаның өткен өмірі мен еңбек жолы, ғылыми зерттеулері жиылғандарды қызықтыра түсті. Ғалым туралы айтылған естеліктерді мұқият тыңдап, облыс орталығынан арнайы келген Әнуар Жақсығалиұлын зерттеуші ғалымдардан бұрын естімеген тың мәліметтер алды. Толығырақ тарқатсақ, алдымен Тайсойған негізгі мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Тілектес Аймурзина «Ғалымға тағзым» атты арнауын жұртшылық назарына тарту етті. Одан кейін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педогогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Жұманазар Асанов Әнуар Дербісалиннің жыраулар поэзиясын зерттеудегі алар орны жайында баяндама жасады. Өткен дәуірлердегі қазақтың елеуге тұрарлық батырлары мен шешен-шайырларының өмір жолдары мен мұраларын зерттеуге айрықша үлес қосқан еңбектеріне тоқталды. Оның ішінде Асанқайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиз, Марғасқа, Жиембет, Шал, Көтеш, Бұқар жырауларды зерттеген. Ғалым зерттеуінің ішіндегі ең сүбелісі Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы.
Ғалым 1955 жылы кандидаттық диссертациясын осы «Ы.Алтынсариннің жазушылық қызметі» деген тақырыпта қорғап, қазақ әдебиеті ғылымына Алтынсаринтану ілімінің білікті маманы ретінде келді. Фольклор мен әдебиеттің байланысын алғаш зерттеуші тақырыбында баяндама жасаған ғалымның жерлесі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педогогикалық Ғылымдар академиясының академигі Абат Пангереев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бір аудиториясын ғалымның атына алып беруге ұсыныс жасауға өтініш білдірді. Әнуар Жақсығалиұлының өмірі, еңбек жолы және ғылымдағы орны туралы толық мәлімет берген Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Данагүл Майлыбаева сөзінің соңында ғалымға арнап жүрегінен шыққан туындысын тарту етсе, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Света Сейтмағұлова ғалымның атындағы мектептің жетістіктерін бейнебаян арқылы көпшілік назарына ұсынды. Сонымен бірге Жақсылық Бисалиев, Ғазиз Займолда бастаған еңбек ардагерлері кейінгі ұрпақ ел үшін еңбек еткен ұлы тұлғаларын қашанда ұлықтау керектігін айтып, ғалымның өткен өмірінен сыр шертті. Конференция соңында ғалымның еңбектері мен өмір жолдарынан зерттеу жұмыстары жалғасын тауып «Жас дарын» ғылыми жобаларына оқушылардың зерттеу жұмыстарын дамытуды қолға алу, мектеп жанындағы ғалымның музейін толықтыру, ғалымның атындағы мектеппен бірге аудан орталығындағы білім ошақтарында бір апталық немесе бір айлық Ә.Дербісалинді тану шараларын ұйымдастыру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында халықтың жадында жаңғырту ісін қолға алу, Саралжын ауылдық округіндегі ғалымның атындағы көшені абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын жандандыру, Ә.Дербісалин атындағы мектепте үздік оқитын бір оқушыға шәкіртақы тағайындау, ауданнан, облыстан ғалым атына көше атауын беру сынды мәселелер қозғалып, оны толықтай іске асырылу керек деп түйінделді.Түстен кейін жыр сусаған жұртшылық ақындар айтысына қанықты. Республикалық жыр додаларында топ жарып жүрген жерлесіміз Әлихан Жақсылық ғалымның тоқсан жылдығына орай киелі өнердің көгінде қатар самғап жүрген сері серіктерін ауылға арнайы алып келіп, жырдан маржан төкті. Айтыс өнеріне әбден төселген 8 ақын өзара жұптасып айтысты. Ауылдың жайын жырлады. Ғалым өмір жолын жырға қосып, қоғамның қайшы тұстарын да басып айтты. Әсіресе Қытайдан жақында ғана туған жерге оралған Самғар Орынбай жас та болса, Отанға деген махаббатын оттай ыстық сөздерімен жеткізіп, қазақтың азаматтығын алғанына апта толмағанын айтып, қазақ дейтін ағайыннан сүйінші сұрады. Бірден айта кетсек, Самғардың сүйіншісіне ауылда асыл тұқымды қара қой бағып отырған Аманғали Өмірғали ағамыз бір марқасын тарту етсе, бау-бақша салып кәсібінен береке тауып жүрген Спартак Төремұратов та өзінің марқалары әбден піскесін бірнеше сары, ала тоқтысын ақынның ауылына арнайы жеткізіп беруге мәрттік танытты. Айтыс ұлы өнер болғандық еш құнын жоғалтпады. Ду-ду шуылдаған ағайынның үні, ақындардың арқасын қоздырды. Барлық ақын бір-бірінен кем түспеді. Шымкенттен келген Асылбек Әбдірахманов айтысқа алғаш шығып тұрғанымен арқалы ақын екенін көрсетті. Ал, біздің Әлихан айтыс өнерінің көгінде жанған шырақтай жарқырап, ауызын ашса қазақылықтың исі аңқып тұрған нағыз суырып салма ақын екенін сөз өнерінің құдіретімен көрсете білді. Ақындарға даралай жүлде берілмеді. Өйткені айтысты төрт жұп өзара айтысып қана аяқтады. Жаңа клубтың көрермен залына сыймай толған көпшіліктің ақ ниетін ескерген ақындар Құлмамбет айтысы бойынша айтысты әрі қарай жалғастырды. Айтыс соңында барлық ақындарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен бірге ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен қаржылай және естелік сыйлықтар табысталды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.