Басты тақырып

Ауыл тұрғындары Жолдауға қолдау білдірді

Осыдан тура бір аптадай уақыт бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады. Осы орайда өткен аптада Елбасының Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында аудан орталығынан арнайы ақпараттық-насихаттық топ құрылып, ауданға қарасты ауылдық округтерге кезекті іссапарын бастады.

Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған ақпараттық-насихаттық топ Сарбие, Қараой ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Алдымен әлеуметтік нысандарды аралаған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы шалғай жатқан қос ауылдың да тыныс-тіршілігімен танысты. Онда бірқатар мекеме басшылары Жолдау аясында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ақмарал Есбатырова шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алу жолдары мен шарттарын түсіндірді. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы — 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалар кәсібін кеңейтемін дегендерге өте тиімді екенін ашық жеткізді. Ал, аудандық кірістер басқармасының басшысы Берік Майланов кәсібін жаңадан бастағандар үшін үкімет тарапынан үш жылға дейін тексеру жүргізілмей жеке табыс салығынан босатылатындығын айта отырып, жер, мүлік, көлік, жеке табыс салықтары бойынша қосымша мәлімет берді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Иманғалиев атаулы әлеуметтік көмек бойынша өзгерістер жөнінде кеңінен тоқталды. Бекболат Жонысұлының айтуынша отбасына келіп түсетін табысты жасыруға болмайды. Егер отбасына кіретін кірісті жасырған жағдайда «Атаулы әлеуметтік көмектен» алған қаржы кейін қайтарылады. Айта кетсек, арнайы ақпараттық-насихаттық топпен бірге елді-мекендерде от жағу науқанына дайындықты пысықтаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Бақтыгереев от жағу маусымында келеңсіз жағдайлар орын алмасы үшін үнпарақтар таратып, қатқыл отынды пайдалануда тұтынушыларға аса сақ болу керектігі ескертілді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Сарбие-Қараой-Ойыл.

Басқа жаңалықтар