Әлеумет
Ауыл өнімдерін алып келді
Өткен сенбі «Көкжар» сауда қатарларының есігі айқара ашылып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ауқымды түрде өткізілді. Жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Апта соңында өтетін жәрмеңкені күтпей-ақ, әр күн сайын село орталығында жаз бойы күтіп-баптаған бау-бақша өнімдерін сатып жүрген диқандар бұл жолы да күзгі өнімдерін жәрмеңке сөрелеріне толтырды. Әр ауылдық округтерден келген ет өнімдері аудан тұрғындары үшін артық болмады. Керісінше етке деген сұраныс жоғары болды. Одан бөлек, май, майқұрт сынды сүт өнімдері де сөрелерде ұзақ тұрмады. Жәрмеңке алаңына асыққан адамдардың қарасы көп болды. Өйткені мұнда қысқы жылы киімдерге дейін сатылып, тұтынушыларға не керектің барлығы табылды. Осы тұста «Көкжар» сауда үйлерінің іші ауылшаруашылығы өнімдерімен қызыса, сырт жақта қысқы мал азығы қаптап тұрды. Тіпті кейбір шаруашылықтар қой, ешкілерін тірілей сатып жатты. Осылайша Көкжардың күзгі жәрмеңкесі тұтынушыларды таза табиғи өнімдерімен қарсы алды.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.