Коалиция мүшелерінің кездесуі — Жаңа Конституция жобасы

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Ойыл аудандық коалиция мүшелері Ойыл аудандық дене шынықтыру және сауықтыру орталығында ауданның спорт саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл басқосу жаңа Конституция жобасының мазмұнын кеңінен түсіндіруге арналды.
Кездесуді аудандық коалиция төрағасы Еркін Жиеналин ашып, жаңа Ата заңның басты құндылықтарына тоқталды. Ол Конституция – мемлекет дамуының темірқазығы екенін, онда әділеттілік, заң үстемдігі, тең мүмкіндік және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттары айқын бекітілетінін атап өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин саяси реформалардың мәнін түсіндіріп, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту арқылы өңірлердің дамуына жол ашылатынын айтты.
Зиялы қауым өкілдері Тыныштыбай Шалабаев пен Болат Бақтыгереев сөз алып, жаңа Конституциядағы рухани-адамгершілік құндылықтардың маңызын атап өтті. Олар ұлт бірлігі, қоғамдық келісім, жас ұрпақ тәрбиесі мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне тоқталып, спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, елдік рухты нығайтатын сала екенін жеткізді.
Данагүл Майлыбаева білім, ғылым және инновация бағыттарының маңызын айта келе, спорт саласында да заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді енгізудің қажеттігін атап өтті. Марат Арыстанов қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудағы конституциялық нормаларға тоқталса, Серікбай Қойбағаров азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде пікір білдірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, спорт саласы қызметкерлерінің сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Басқосу жаңа Конституция жобасының мәнін түсіндіруге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған мазмұнды кездесу болды.








