Рухани жаңғыру

Барқын құмына экскурсия

Ауданымыздың ең көрікті жерлерінің бірі – «Барқын құмы» табиғи орманды алқабы. Аңыздарға сенсек, Каспий теңізі тартылған дәуірде кең ойыс алыпта қалған теңіз қайраны. Суы өте тайыздан шығады. 1873 жылдан бастап Ойыл әскери бекінісі жауынгерлерінің күшімен Қарағай, Қайың, Көктерек, Қандыағаш көшеттері отырғызылған деседі. Ондағы мақсат құм көшкініне тосқауыл қою еді.

Осы орайда жуырда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Барқын» құмына тарихи-өлкетанушылық іздестіру, жинау, зерттеу, ғылыми-экскурсия өткізілді. Экскурсияға Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің және әр салада қызмет етіп жүрген аудан жастары қатынасты. Онда музей директоры Балқаш Рысбаева «Барқын» құмының қалыптасу тарихын жан-жақты баяндап, көптеген мәліметтер берді. Тоқтала кетсек, «Барқын» құмында жүзген, құланқұйрық, құмаршық, жыңғыл, гүлбұт, құртқагүл секілді сирек кездесетін өсімдіктердің түрлері бар. Олардың әрқайсысына тоқталған Балқаш Тілеужанқызы бұл өсімдіктердің адам денсаулығына емдік қасиеттері барын да баса жеткізді. Сонымен бірге «Барқын» құмының табиғатына байланысты көптеген сұрақтар қойып, белсенді жауап берген жастарға арнайы алғыс хаттарын табыстады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар