ӘлеуметБасты тақырып

Мал ұрлығын болдырмау — маңызды міндет!

Аудан халқы үшін төрт түлік малдың алар орны ерекше. Тұрғындардың баптап-күткен малдарының бір мезгілде жоғалуы кімге болса да оңай тимесі анық. Сондықтан, қай уақытта да болмасын мал ұрлығын алдын-алу өзекті мәселелердің бірі. Дегенмен, кейбір тұрғындар өздерінің малдарын қараусыз жайылымға жіберіп, бұл өз кезегінде малдың кедергісіз ұрлануына немесе жоғалып кетуіне жағдай жасайды.
Жүргізілген талдауға сүйенсек, мал ұрлығын жасауға бірқатар себептердің ықпал ететіні байқалады.
— бірінші кезекте, малдың бағусыз жайылып, меншік иелерінің өрістегі малдарының сақталуына немқұрайлы қарауы. Бақташылармен келісім-шарттық қатынастардың болмауы «еркін жайылуды» қалыптастырып, кедергісіз ұрлануына немесе жоғалуына ықпал етеді.
— екіншіден, малды ұстау орындары көп жағдайда жабу құралдарымен жабдықталмай, бұл қылмыскерлерге мал қорасына кедергісіз енуіне мүмкіндік береді.
— үшіншіден, мал иелерімен өздерінің төрт түлік малдарын таңбалау мен сырғалау шаралары уақытылы жүргізілмейді.
Тұрғындардың иелігіндегі мал ұрлығы туралы полицияға уақытында хабарламауы да қылмыстың жедел ашылуына кері әсер етеді.
Сондай-ақ, бағусыз жүрген малдар түнгі уақытта жол бойына шығып, жол-көлік оқиғаларының орын алуына септігін тигізеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы аудан бойынша малды иесіз жіберу дерегіне қатысты 87 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 30 тұлғаға ескерту берілсе, 57 тұлға айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сай, мал ұрлығы бойынша ауыр жаза ретінде мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Сондықтан, көктем мезгілі шыға жайылымға шығаратын малды қараусыз жібермей, бақташыларға қосып, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, мал ұрлығын алдын-алуда немқұрайлық танытпайық.
Ойыл ауданының прокуратурасы

Басқа жаңалықтар