Білім

3 қазан дүниежүзілік мекендеу орынын қорғау күні

Қазан айы «Қарттары күнімен» басталып, «Ұстаздар күнімен» ұштасып, «Мүмкіндігі шектеулі жандар күні де» аталып өтетіні баршаға мәлім. Алайда 3 қазан «Дүниежүзілік мекендеу орынын қорғау күні» екенін біріміз білсек біріміз білмейтініміз жасырын емес. Биыл «Дүниежүзілік мекендеу орынын қорғау күні» Республика деңгейінде аталып өтті. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны қорғау мақсатында білім беру ошақтарында «экосағаттар мен тал егу» сынды Республикалық акциялар ұйымдастырылды. Сол күні осындай шаралардың бірі Ойыл қазақ орта мектебінде де кең көлемде жүзеге асырылды. Акция аясында экологиялық сағаттар өткізіліп, мектеп ауласына тал көшеттері отырғызылды. Айтулы шараға облыс орталығынан арнайы келген Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Нұрлыгүл Жалғасқызы, аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы және аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Меруенов қатысып, «Тал егу» акциясында оқушылармен бірге ат салысты. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев киелі жерімізді қорғап, аялау әрбір адамның міндеті екендігін баса айтып, барша оқушыларды еліміздің гүлденіп, өсіп өркендеу жолында абыройлы қызмет етуге шақырды. Ал, жер ананы ластамай, оны қорғау үшін бастауыш класс оқушыларына осы бастан ой тастау мақсатында айтулы мектептің жоғары класс оқушылары ұстаздарымен бірге театрланған көріністер қойды. Шара соңында Ескендір Хасанғалинвтің «Жасыл жайлау» өлеңін орындарынан тұрып қосыла шырқаған Ойыл қазақ орта мектебі ұжымы табиғатқа жанашыр екендіктерін көрсетті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар