ӘлеуметБілім

«Мамандық — өмір таңдауы»

2019-2020 жаңа оқу жылына 9 және 11 кластан кейінгі талапкерлерді оқуға шақыру, яғни жаңадан ашылатын мамандықтарға кәсіби бағдар беру және Жастар жылы аясында аудан жастарын белсенділікке жұмылдыру мақсатында мамыр айының 21-22 жұлдызында Ойыл аграрлық колледжінде «Мамандық — өмір таңдауы» атты ашық есік күні және ХХ жазғы спартакиадасы кең көлемде ұйымдастырылып, өткізілді. Аталған шараға Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров пен аудандағы бірқатар мекеме басшылары және әлеуметтік серіктестер, колледж түлектері шақырылды. Сонымен қатар, ауданның 15 мектебінен келген 9-11 класс оқушылары мен мектептердің жас мамандары қатысты.

Ойыл аграрлық колледжінің білім мен тәрбие беру саласында алар орнының ерекшелігі мен облыс деңгейінде материалдық-техникалық базасымен алдыңғы қатарда орын алатын білім ордасы екенін айтып сөз алған аудан әкімі Дастан Жарылғасынұлы аудан орталығында орналасқан колледжге мектеп бітіруші талапкерлерді оқуға түсуге шақырды. Осы орайда колледждің алдыңғы қатардан көрініп, саналы, тәрбиелі, білікті маман дайындауда өз үлестерін қосып, қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүрген колледж жас мамандарын марапаттады.

Колледж директоры Серик Займолдин келер оқу жылында болатын жаңалықтар мен жұмыс жоспарын айта отырып, колледж тынысын қонақтар мен жарысқа қатысушы жастарға кеңінен түсіндіріп, баяндама жасады. Сонымен бірге, алдағы жылы ашылғалы отырған мамандықтарға байланысты әлеуметтік серіктестермен келісім-шарт жасалып, меморандумға қол қойылды. Ашық есік күні барысында колледждің материалдық-техникалық базасына келген қонақтар мен мектеп оқушыларына экскурсия жасалып, «Ветеринария», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарына өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылар шеберлік сабақтарын өткізді.

Екі күнге созылған жазғы спартакиада өте жоғары деңгейде өтіп, қатысушы жас спортшылар мен жас мамандарды аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев колледж әкімшілігі атынан жүлделі орындармен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыстады.

Айдана СӘРКЕНАЕВА,
Ойыл аграрлық колледжінің оқытушысы.

Басқа жаңалықтар