Әлеумет

Шаттыққа бөлеген «Әкім шыршасы»

Жаңа жыл – балалар үшін әлемдегі қуанышқа толы, ең ғажайып мерекелердің бірі. Олар Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Жаңа жылдық шырша — Жаңа жыл мейрамының негізгі нышаны. Әлемнің көптеген халықтары тойлайтын ортақ мерекенің тарихы да әртүрлі. Біздің елімізде де бұл мерекенің орны бөлек.
Өткен сәрсенбі күні жыл сайынғы дәстүр бойынша «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Шыршаға аз қамтылған, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және үздік оқитын, барлығы 101 бала қатысты. Барлық балаларға аудан әкімдігі атынан жаңа жылдық сыйлыққа қыстық киімдер, планшеттер және тәттілер дорбасы табыс етілді. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жаңа жылдық шырша қатысушыларын мерекемен құттықтап, зор денсаулық, оқуда озат, жаңа жылда жаңа табыс тіледі. Жүздері қуанышқа, шаттыққа толған бүлдіршіндер жаңа жыл кешінің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақардың келуін асыға күтті. Жаңа жылдық шыршаны аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық білім бөлімі және Ойыл қазақ орта мектебі ұйымдастырды. Бағдарлама барысында балаларға мультфилмдер мен ертегі кейіпкерлері тұтасқан көріністер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, балғын өнерпаздар замандастарына деген мерекелік құттықтауларын өз өнерлерімен жеткізді. Балалармен ойындар ойнатылып, би билеп, Аяз атаға өнерлерін көрсетіп сыйлыққа кенелді. Ары қарай мерекелік бағдарлама жасыл шырша жанында дәстүрлі хормен жүрумен жалғасты.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар