ӘлеуметБасты тақырып

Полицейлер отбасы

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Сол мемлекеттің іргесін берік қалап, терезесін  өзгелермен теңестіріп ұстау үйдегі отбасының әр мүшесіне тікелей байланысты. Отбасында әке мен ананың жылулығы ерекше сезілген  шаңырақта өскен бала рухани мүгедек болмайтыны ақиқат.

Бүтіндей бір отбасының тұтқасын берік ұстау, үйдегі отағасы мен отанананың көрегенділігінің арқасы. Көпшілік үлгі тұтып, сыйлайтын отбасылардың бірі Қоғабаевтар отбасы. Ауданымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел ішінде тәртіпті жіті назарда ұстауда талмай қызмет етіп келе жатқан Қоғабаевтар отбасы татулық пен берекеге толы шаңырақ. Адам өмірі мен ел тыныштығын қылмыскерлердің құрығынан сақтап келе жатқан отбасындағы жолдасы мен жұбайы бүгінде бір салада қызметтерін ұштастырып отыр. Отағасы Жәнібек Айдынғалиұлы мен жолдасы Марал Ғалымжанның Ойыл ауданында палиция бөлімінде қызмет етіп келе жатқандарына ұзақ жылдар болды. Берекелі отбасынның ізін жалғаған ізбасарлары да әке мен ана салған сара жолды жалғауға ниетті. Адам өмірі мен ел қауіпсіздігін қорғау жолында талмай еңбек етіп, қызметі мен отбасын қатар алып келе жатқан Жәнібек Айдынғалиұлы 1970 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келіп,  ерге тән өр мінезділігімен Жамбыл облсында отан алдындағы адал борышын өтеп қайтты. Одан әрі білімін жетілдірмекке «Қайнар» университетіне түсіп, заң факультетін бітіріп шықты. Еңбек жолын Ойыл аудандық ішкі істер бөлімінде уақытша ұстау изоляторының жүргізушісі болып бастаған. Уақыт өтке келе аталған бөлімнің учаскелік полиция инспекторы, жол полиция аға инспекторы сынды қызметтерді аброймен атқарған. Ойыл ауданындағы полиция бөлімінде қызметте жүріп, 2001 жылдың тамыз айында шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, қамқор отағасы. Бүгінде Жәнібек Айдынғалиұлы  аудандық полиция бөлімінің криминалист маманы болып қызмет атқарып жатыр. Қызметтік шені полиция майоры,  талай қылмыстың алдын алып, бұзақылардың жолын кескен Жәнібек Айдынғалиұлының ішкі істер органында қызмет еткеніне 20 жыл толды. Осы жылдар аралығында елдің алғысына бөленіп, түрлі марапаттардың иегері де болды. Аудан тыныштығын кірпік қақпай күзетуде Жәнібек Айдынғалиұлының жары Марал Ғалымжанның да еңбегі орасан зор. Отбасы, ошақ қасы мен бала тәрбиесін, жауапты қызметін қатар алып жүрген батыр ана, аяулы жар. Жолдасымен бірге тәуелсіз елдің тыныштығын қадағалаған Марал Ғалымжан Ойыл ауданы Сарбие ауылында дүниеге келген. Алғашқы оқу жолын Ақтөбе педагоикалық колледжін аяқтағаннан кейін «Қайнар» университетінің заң факультетін бітіріп, Ойыл ауданынының ішкі істер бөлімінде паспортиска  қызметінде жүріп  кейіннен жасы кәмілетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, аға анықтаушы сынды қызметтерді атқарып келе жатқанына 25 жыл болды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте еңбегі ескеріліп арнайы марапаттармен марапатталды. Қызметтік шені подполковник. Ұзақ жылдар бойы Ойыл аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып келе жатқан Марал Ғалымжан «Отбасы мүшелерінің бір салада қызмет атқарып келе жатқаны өзара түсіністікті арттырады. Ел тыныштығы мен отбасы берекесін сақтауда қызметіміздің бір арнада тоғысқаны да себеп болды»,- дейді. Бүгінде ардақты әке мен аяулы ананың жолын қуған үлкен ұлы Нұрбек Жәнібекұлы Қазақстан Республикасы ішкі істер министірлігі  Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түскен. Ол қазіргі таңда 2-курс курсанты. Сонымен қатар, қызы Аделя мен кіші ұлы Сұлтанбектің де мектеп қабырғасында жүріп-ақ құқық қорғау саласына қызығушылықтары жоғары. Болашақта әке мен ананың сара жолын жалғауды арман етеді. Өзгенің өмірін өз өмірінен  жоғары қойып, күн-түн демей қызмет етіп келе жатқан отбасы мүшелері көпшілікке үлгі беретін өнегелі шаңырақ. Қызметтік жолда қанаттары талмай қажырлы еңбектің берекесін көріп келе жатқан Қоғабаевтар отбасы ерекше мақтауға лайықты.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар