ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

МЕКТЕПТЕГІ КӨМІРДІҢ САПАСЫ АТА-АНАНЫ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Өткен апта аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ақшатау, Қаракемер елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Ең алдымен аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Содан соң ауылға қатысты мәселелерге тоқталды.

Қаракемерде тұрғындардың тілегі — балабақша. Одан кейін ауыз судың әлегі. Қазір қаракемерліктер ауыз суды жеткілікті деңгейде тұтынып отыр. Алайда, тұрғындар бұған дейін ауыз судың аракідік тоқтап қалатын кездерін жасырмады. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы толыққанды жауап беріп, тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ал, Қаракемер ауылының тұрғындарын толғандырып отырған балабақша мәселесі бойынша, бала санын анықтау арқылы айтулы мәселенің шешімін шығару алдағы күндердің еншісінде қалды. Қаракемерліктер ауыл тұрғындарының барлығын алаңдатып отырған мектептің «мұңын» жеткізді. Яғни, көмірдің сапасы, қызуы жоқ екенін айтады. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев «Біріншіден көмір жеткізуші тендер арқылы анықталды. Мердігер қыркүйек айының ішінде ауданның қатты отынмен жылытылатын барлық мектептеріне көмірді жеткізіп берді. Ал, ауданда көмірдің сертификатымен сәйкестігін тексеретін, сапасын анықтайтын лаборатория немесе құрылғы жоқ» екенін айтты.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың ауыл тұрғындарымен кездесуі аудан орталығында мәреге жетті. Негізінен мемлекеттің қазынадан бөлінген қаражаттың күшімен атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Биыл «Ойыл селосына кіреберіс» 3,83км. автокөлік жолы орташа жөндеуден өтеді.
Оған облыстық бюджеттен 197,1 млн. теңге бөлініп отыр.
Биыл ауданда 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Толығырақ айтсақ, 2 сегіз пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үй салуға облыстық бюджеттен 156,2 млн. теңге, Ойыл аудандық аурухана ғимаратын күрделі жөндеу 430 млн. теңге, өрт сөндіру депосының құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат жасақтауға 4,4 млн. теңге аудандық бюджеттен бөлініп отыр.
Әкімге кездесу барысында тұрғындар тарапынан жолаушылар тасымалына байланысты, электр қуатының ауылдың кейбір бөлігінде төмендігі туралы сауалдар қойылды. Мәселен, қазіргі уақытта тұрғындарды бұралқы иттердің көбейіп кетуі алаңдатып отыр. Сонымен қатар ауданның жоғары бөлігінде интернеттің төмендігін жеткізді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар