ӘлеуметБасты тақырып
Болсыншы өз дегенің, ерекше еркем менің!
Ойыл аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 2013 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Алғашқы жылы күрделі бұзылыстары бар 10 баламен жұмысты бастаған. Қазіргі уақытта Ойыл аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде облыстық ПМПК қорытындысымен қыркүйек айынан бастап 57 балаға түзету-дамыту жұмыстары жасалып келеді. Оның ішінде, 34-і ұл бала болса, қалған 23-і қыз балалар. Оларға көрсетілген сапалы жұмыстар мен мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында денсаулығында оң нәтиже беріп, ата-анасын қуантып жатқан балалар да бар. Жалпы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 18 жасқа дейінгі даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік көмек көрсету үшін құрылған арнайы білім беру, яғни коррекциялық көмек көрсету ұйымы.
Кабинет «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Орталықтың басты мақсаты балалардың психологиялық- педагогикалық түзету және әлеуметтік көмекке қажеттіліктерін, мүмкіндіктерін анықтай отырып, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік ортаға бейімдеп, тәрбилейді. Сонымен қатар, тірек-қозғалыс аппараты, сөйлеу, көру, есту, қабілеті, эмоциялық-еріктік саласы бұзылған, оқуында, қарым-қатынас жасауда, мінез–құлқында қиыншылықтары бар балалар мен жасөспірімдерді психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту түрінде кешенді психологиялық-медициналық, педагогикалық көмектер көрсетіледі. Бүгінде орталықта 9 маман ерекше балалармен, олардың ата-анасы үшін өз жұмыстарын сапалы атқарып келеді. Бар уақытын ерекше балалардың, ерекше өміріне арнаған мамандар шоғыры саусақпен санарлық болса да, атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Орталықтағы мамандар бір отбасы спетті. Олар өз саласын жетік меңгерген, ерекше баланың тағдырының оң бағытқа өзгеруіне себепкер болып келеді. Ұжымда мекеме меңгерушісі Айжан Алманиязова бастаған бір топ қызметкер бар. Олардың қатарында әдіскер Жайнагүл Ерқайырова, мұғалім дефектолог Жанар Нарегеева, мұғалім логопед Меңсұлу Жаңбыршина, әлеуметтік мұғалім Ақнұр Ойнарова, психолог Ботакөз Байниязова, мұғалім дефектолог Айдана Құмар, ЕДШ маманы Медет Есбосынов, саз мұғалімі Айнара Асанғалиева бар. Аталған мамандар ата-аналармен жұмыс жасап кеңес бере отырып, түзету-дамыту сабақтарын жүргізеді. Аптасына 2рет кесте бойынша әр бала жеке немесе ата-анасымен бірлескен түрде сабаққа қатысады. Ұжымдағы 9 маман ауданның басынан келетін 37 бала мен ауылдардан қатынап оқитын 20 баламен жұмыс жасап келеді. Оңалту орталығы жыл басында оқу-тәрбие жұмысының жоспарын жасағанда, балалардың жас ерекшеліктерімен қатар жеке басының психологиялық ерекшеліктері, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығындағы өзгерістер ескеріледі. Сонымен қатар, әрбір баламен жас ерекшеліктеріне жеке тұлғасының қасиетіне, кемістіктің құрылысына, бұзылыстың мән-жайын ескере отырып түзету-дамыту сабақтары жүргізіледі. Ал ППТК психологиялық-педагогикалық көмекті ПМПК қорытындысы негізінде туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін,оның ішінде көру қабілеті бұзылған, есту қабілеті бұзылған, сөйлеу тілінде бұзылыстар мен дамуы тежелген, тірек-қимыл аппараты қызметінің бұзылысы бар, зерде бұзылысы мен психикалық дамуы тежелген, эмоциялық-ерік әрекетінде және мінез-құлқында бұзылыстар бар балалар қамтылған. Сабақ беру кезінде балаларды топтастырудың да өзіндік шарттары бар. 1 жас шамасы немесе әртүрлі жас шамасы қағидалары бойынша жинақталады. Аталған топтар саны ППТК және түзету-педагогикалық жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы жағдайлардың болуымен айқындалады. Сабақ беру үдерісі мен ұзақтығы ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жасына тікелей байланысты болып табылады.
Жеке сабақтар 20-30 минутты құраса, екі жастан бес жасқа дейінгі мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға арналған топтық сабақтар 35-40 минуттан тұрады. Мектепке дейінгі ересек 5 жастан 7 жасқа дейінгі және мектеп жасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған топтық сабақтар 35 минуттан өткізіледі. Баланың психофизикалық жағдайын ескере отырып, түзету-дамыту сабақтары жеке және топтық нысанда ұйымдастырылады және баламен аптасына дамыту сабақтары жеке және топтық нысанында ұйымдастырылады және балаларға аптасына 2 рет немесе 3 рет жеке сабақтар беріледі. Бұл аталған қызметтер орталықтың осы уақытқа дейін атқарып келе жатқан жемісті жұмыстары. Бала жанына терең бойлап, бар жан-дүниесімен қолұшын беріп кішкентай да болса өміріне өзгеріс енгізуге тырысқан әр маман ерекше құрметке лайықты. Жоғарыда атап өткен қызметтер әр балаға бөлінген ерекше уақыттар, бәрі-бәрі мейіріміе жанның жүрек қалауымен атқарған адал еңбегі екендігін аңғаруға болады. Ерекше баламен жұмыс жасап қана қоймай, ата-аналардың өмірге деген талпынысын оятуға тырысып түрлі шаралар атқарып келе жатқандықтарын аңғаруға болады. Өзге саламен салыстыруға да келмейтін бұл саланың қызметкерлері көптің алғысына бөленіп келеді. Қызметкерлердің айтуынша 57 баланың ішінде тым құрығанда бір баланың өміріндегі өзгерісті яғни алға жылжуды байқасақ, ол біздің үлкен жеңісіміз. Ата-ананың санасындағы бұлыңғыр болашақ пен күмәнді ойларды сейілтуге барынша тырысатындықтарын айтады.
САНАДАҒЫ ТӨҢКЕРІС
Бұрындары ата-анамыздың Құдайдан баламен сынамауын сұрап тілек тілеп жатқандықтарын құлақ шалушы еді. Ол кезде ана сүті аузымыздан кетпеген сары ауыз балапан болатынбыз. Бүгін міне осынау сөз тіркесінің мәнін ұғынғандай күй кештім. Ойыл аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне бас сұққан сәттен-ақ ерекше күш бойды билеп әкетті. Бөлім меңгерушісі Айжан Алманиязова өте жарқын адам екен келген сәттен құшақ жайа қарсы алып бар мән-жайды баяндап берді. Ұзақ уақыт бойы ерекше балалармен жұмыс жасап келе жатқан Айжан апайдың көзінен ана мейірімін, аппақ, таза жүректің иесі екендігін аңғару қиын емес. Бар уақытын балардың оңалуына арнап келеді. Орталыққа келген балаларға түрлі ем шаралар қолданып қана қоймай қосымша қоғаммен етене араласуына ықпал етуде. Бұның дәлелі ерекше балалардың қатысуымен түрлі мәдени шараларды ұйымдастырылуда. Сонымен қатар балалардың халық арасында өзгелерден оқшау қалмауы үшін үлкен сахыналарға алып шығып концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар үлкен қажыр қайратты талап ететіндігі белгілі. Бұл күш пен қайратты Айжан апай балалар үшін, олардың болашағы үшін жұмсайтындығын айтады.
Он екі мүшесі сау бала мен ерекші баланы тең дәрежеде көріп соған жеткізуге талпынып күш салудың өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Ұйымдастырылған шаралардың ең бірінші пайдасы балалардың қоғамға етене араласуына ықпал етсе, енді бірі ақылы түрде өткізілген концерттік бағдарламалардан түскен қаражат балалардың қажеттіліктеріне жұмсалады. Ерекше балалар мен олардың ата-анасын, орталықтағы қызметкерлерді бір арнаға тоғыстыра отырып қызмет етіп жатқан Айжан апай бір үзік сырларымен бөлісті.
«Мен бастапқыда бұл саладан тым тысқары неміс тілінің мұғалімі болатынмын. Бір күштің осы бағытқа жетелегені болар бәлкім ойда-жоқта Қ. Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетіде Дефектолог мамандығын алып шықтым. Содан бері осы орталықта ерекше балалар үшін қызмет етіп келемін. Бүгінде зейнеткерлік жасына да аяқ бастым. Осыған дейін талай тағдырдың куәгері болдым. Сай-сүйегімді сырқыратып әкетердей сәттер де жиі кездесті. Дегенмен менің мақсатым осы жасқа дейін балалардың болашағының өзгеруіне кішкентайда болса өз үлесімді қосу болды. Мектептегі мұғалімдігімді ерекше балаларға айырбастаған сәттен бері олармен жаным-тәнім де бірігіп кеткендей. Түрлі топтағы балалармен жұмыс жасап қана қоймай, ата-анасына баса назар аударатынымызды айтқым келеді. Пенде болған соң, түрлі жағдайлар орын алатындығы белгілі. Бір үміттің желкенінен ұстап балаларын жетелеп келетін ата-аналар бар. Ал кейбірі баласы үшін ұялып, орталыққа әкелуден бас тартатындар да жоқ емес. Бұл қазіргі қоғамның шындығы. Сіздің сұрағыңызға толық қосыламын. Шынымен Ойыл ауданы экологиялық қауіпті аймаққа жатпайды, дегенмен мүмкіндігі шектеулі балалардың қарасы күннен-күнге көбеймесе, азаймай тұр. Бұл дегеніміз аналарымыздың баласы құрсағында жатқан сәттен бастап денсаулығына немқұрайлы қарауының нәтижесі. Сол себептен, аналарға кеңесім балаңыздың өмірі үшін денсаулығыңызды бүгіннен бастап жіті назарда ұстауды сұраймын. Ол үшін жүктілік кезінде дұрыс тамақтануды, таза ауада жиі серуендеуді, депрессия мен стресстен аулақ болуды, алькоголді зиян заттарды мүлдем қолданбау керек екендігін білуіңіз қажет. Ерекше балалардың түрлі бұзылыстары туа бітті және жүре пайда болады. Біздің орталық әр баланың сабағының оң нәтиже беруі үшін бар күшін салады. Дегенмен ата-ана тарапынан да алға іргерлеушілік болуы керек. Біз әр баланың сауығып жұлдыз болып жарқырауына себепкер болғанымыз үшін аса қуаныштымыз. Өңіріміздің жомарт азаматтарына да ризашылығымды білдіргім келеді. Қандайда бір мереке, жиын болса қаржылай, заттай көмектерін аяған емес. Бар тілегім елімізде бүлдіршіндер қиналмаса екен деймін. Әр бала бақытты балалық шаққа лайықты» — дейді. Айжан Ақжарыкқызы қажырлы еңбегінің арқасында көптің алғысын алып келеді. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»- деп тегін айтпаса керек. Айжан апай үлкен істердің себепкері болғаны үшін түрлі мараппаттардың да иегері атанды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен мараппатталған болатын. Әйтсе де Айжан апайдың жеңісі марапаттар емес, бір баланың болсын мына әлемге тура қарап, бақытты балалық шақты бастан кешіруі болып табылады.
САҒАН ТУҒАН АНАҢДАЙ ЖАҚЫН КЕЛЕМ
Орталыққа бас сұққан сәтте барша қызметкерлердің көзінен ерекше мейірім лебін сездім. Барлығының тілегі бір ерекше балалардың сауығып қатарға қосылуы ғана. Әрбір қызметкермен тілдесу барысында ұққаным өз саласына деген нағыз махаббаттың үлгісін көрдім. Балалармен тілегі де, жүрегі де бір екендігін аңғардым. Барлық қызметкердің орталыққа келуі осы мамандықты таңдауының өзі бір тарих. Бастысы өз саласының жілігін шағып майын ішкен тұлғалар екендігіне айқын. Бала мен ананың жанын бір кісідей ұғына білген мамандардың еңбегі қашан да құрметке лайықты. Солардың бірі мұғалім дефектолог Жанар Нарегееваның осы орталыққа келуі, журналистиканы осы саламен алмастыруының өзі үлкен ерлік. Талай жыл журналистикада қызмет етіп келген Жанар апай өзінің бала арманын өзгенің бақытты балалық шағын қалыптастыруға алмастырды. Жанар апай бұл орталыққа кез-келген адам келіп қызмет ете алмайтындығын айтады. Ол үшін балаға деген аяныш сезімі емес — шынайы махаббат, аяққа тұрғызуға кішкентай болса да үлес қосамын деген таза ниет болу керектігін айтады. Апайдың айтуынша, қазіргі таңда Ойыл селосынан бөлек шалғай ауыл-аймақтардан да балалар көп келеді. Биылғы жылы 57 бала тіркеліп ем алып жатса, осы уақытқа дейін құжат және қаржылық жағдайымен келе алмай жатқан балалар да көп екен. «Өмір болған соң барлық пендені бір үміт алға жетелейтіні белгілі. Сондай үміттердің бірін арқалап келген ана мен баланы біздің орталық қашанда құшақ жая қарсалады. Мен ойлаймын бала арманымнан бас тартсам да, мені осы бұрын беймәлім болған мекенге Құдайдың өзі балаларға кішкәнтай болса да, себепші болсын деп жіберген болар. Орталыққа қызмет еткен сәттен бері талай оқиғаның куәгері болдық. Ана мен әке де ерекше баласының аяққа тұруына ештеңені тіпті өз өмірлерін қиюға дайын екендіктерін көрдім. Кей сәттерде баланың баллашаққа қол сөзуы, өмірге деген құштарлығын көре тұра баланы тапқан ата-ананың бала өміріне немқұрайлы қарап мүмкіндігі шектеулі деген белгіні өздері мойындарына іліп беретін сәттерге де куә болып келеміз. Сол себептен де айтарым, ол ерекшелік туа бітті, яки жүре пайда болса да, бастысы жақсылықтан үміт үзбеу керек дер едім. Әрине, орталық мемлекет тарапынан да өңір азаматтарының қолдауынан құралақан емес. Десе де, барлық мәселе ана мен балаға тікелей байланысты. Өйткені, өзіңіз түзету кабинетіндегі әр маманның балалар үшін аянып қалмайтынын көрдіңіз. Бар тілегіміз балалар ауырмаса екен дейміз. Жұмысымыздың қиындығы мен мағыналық тұсын жыр жолдарымен жеткізуді жөн көріп отырмын» — деген Жанар апай жүректен шыққан жып-жылы жыр жолдарын балаларға арнады.
Ұстазбын ұлағатты, ісім айқын.
Қандай қиын сәтте де тосылмайтын.
Бір ерекше әлемнің бағбанымын.
Оңайлықпен ортаға қосылмайтын.
Айналайын!
Мен саған ой беремін, сана берем,
Шалқайсаң ұмтылуға шама берем.
Шексіз мынау әлемге қосылсын деп,
Бір кеміңді бойыңнан ала берем.
Саған туған анаңдай жақын келем.
Әр сөзіңді қуаттап мақұл дер ем.
Арпалысқан адуын дүниеден
Табу үшін орныңды ақыл берем!
Болсын жаным, білімге құмарың көп,
Мың пәледен сақтаймын тұмарың боп,
Жансыз қолмен ұмтылсаң жақсылыққа,
Жетіп келем жалғанам сыңарың боп.
Тек бақытты болсыншы балалығың,
Аспан– жердің тани біл аралығын.
Ұста менің қолымнан, жатырқамай,
Мен алдыға жетелер жанарыңмын.
Біздің қоғам басында тұнған уайым,
Дейсің кейде, «мұң– зарды тыңдамаймын».
Естімей- ақ қойғаның дұрыс, бәлкім,
Есерлердің есепсіз дау-дамайын.
Ұғына біл жаныңмен, жүрегіңмен,
Сезін қолмен, күш тасып білегіңмен.
Қара жерді тік басып жүру үшін,
Тіреу болып жаныңда жүремін мен.
Шектелмесін сырқаттан құлын шағың,
Мен де сендей тірліктен тыныс алдым.
Былдырлаған тіліңнің түсініксіз,
Бір сөзіңді ұғуға тырысамын.
Осы менің міндетім, жұмыстарым.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.