Денсаулық

Адам жанының инженері

Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыт ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде медицина саласы да қарыштап дамып келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласының даму деңгейі әр ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты болды. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Бүкіл әлемді шарпыған қауіпті вируспен күресте дәрігерлердің табандылығы осының айшықты дәлелі деуге болады.

Кез-келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұрып, сауығып кетуін басты назарда ұстайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Себебі бұл мамандық иелерінің еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз беріліп, адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев. Мектепті бітіре салысымен Марат Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген. «Анамның үстіне киген ақ халатынан оның жүрегі таза, пейілі кең екенін көріп өстім. Мен сондықтан балалық шағымнан медицина саласына құмар болып өстім. Әлбетте жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті ақ халат киіп жүргенімді мақтан тұтамын», — дейді дәрігер болуды бала кезінен армандаған Сәндібек Мұхамбетжанұлы. Демек, оның осы саланы таңдауы кездейсоқтық емес. Өйткені оның анасы дәрігер болған. Сондай-ақ ағасы да дәрігер болып қызмет етеді. Қазіргі таңда келіншегі де дәрігер қызметін атқарса, қос бірдей қызы да осы жолды таңдаған.
Ол жауапты қызметті 20 жылға жуық уақыттан бері адал атқарып келеді. Осы уақытқа дейін өзі таңдаған мамандықтың барлық сатысынан өткен Сәндібек Мұхамбетжанұлы аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүргеніне 5 жылдан асқан. Күнделікті аурухана келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Оның бүгінгі басты міндеті науқастарды емдеу ғана емес, медициналық шаруашылықтарды жүргізу. Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, ауданымызға білікті кадр тарту, қаржы секілді өзге мәселелер бойынша жұмыстар атқарады. Оған қоса бұл міндеттерінен бөлек аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып келеді. Өзі басшылық етіп отырған ұжымды ауданның қоғамдық-саяси өмірінен ажыратқан емес.
Сәндібек Нұрбаев короновирус пандемиясы кезінде ғана емес, жалпы аудан жұртшылығының денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. Әлем елдерін дүрліктірген қауіпті індеттің біздің ауданды айналып кетпегінен бәрі де біледі. Осы жолда Сәндібек Мұхамбетжанұлының еңбегі шексіз. Осындай қауіпті сәтті ұжымымен бірге еңсеріп шыққан ол «Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған ауруды дөп басу, ең қиын шаруа», — дейді. Сондықтан әр науқсасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілмен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өмірінің ең қымбат байлығы болғандықтан оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім кешіре қоймайтыны шындық. Осы орайда біз «Гиппократ» антын қабылдап, адам жанына араша түсетін әрбір дәрігерді яғни, науқасқа біліктілігімен адал қызмет қылатын ақ халатты абзал жандарды адам жанының инженері десек, артық айтқандық болмас.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар