Денсаулық

«Кедергісіз келешек» жобасына атсалысу бәрімізге парыз!

Аудандағы әлеуметтік педагогикалық түзетім кабинеті жергілікті басшылықтың ұдайы назарында. Кез келген уақытта балаларды қуантып кетуге тырысады. Ал мерекелерде арнайы көңіл бөліп, мүмкіндігі шектелуі балалардың қажеттіліктерін толтырады. Жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы өз «қамқорлығындағы» балалардың  сабағына қатысып, ата аналарымен кездесті. Елбасымыздың «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асқан бұл жүздесуде әр баланың мүмкіндіктерін бақылап, кімнің қандай өнерге бейімділігін байқады.

«Ерекше күтімдегі балалар өмірге келгеннен кейін ешқандай мүмкіндігі шектелмеу керек. Біз оларды ортаға бейімдеп, оқуға, жұмысқа, кәсіпке баулу басты міндетіміз болмақ. Қандай да бір қиындықтар, кедергілер болса бірігіп шешуге тырысамыз. Ал, ата аналар шама келгенше балаларды сабақтан қалдырмау керек» деген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин мекеме ұжымының жұмысына алғысын білдірді. Қашанда құр қол келмейтін олар бұл жолы да балаларға сыйлықтар үлестіріп, 20 мыңның сертификатын табыстады. Мекеме басшысы Айжан Алманиязованың айтуынша мұнда баланы оқытудың пайдасы зор. «Тіпті сөйлемейтін балалар да сөйлеп кетіп жатыр. Жыл сайын бір-екі бала толық емделіп, біздің тізбемізден шығып жатады. Ал қалғандары сөзге, әнге, биге, еңбекке айтарлықтай үйренуде. Сондықтан ата аналар балаларды қалдырмайды» — дейді.

Қазіргі таңдағы ортақ мәселе ол — ауылдық жерлерден балалардың келуі. Арнайы көлік қарастырылмаған. Әр ата-ана аптасына 3-4 рет алып келетінін ескерсек, жол-пұлы, таксилердің уақытына сай келмеуі қиындық туғызып жүргенін айтады. Сол себепті ауылдағы балалар сабақтан қалуы жиі кездеседі.

Басқа жаңалықтар