Денсаулық
Қазақтар шоқынбаған, Салқын сумен шыныққан!
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері мекен етеді. Мұндағы әрбір ұлт өз діндерін ұстанып, өзгелерге «Әә» дейтіндей тіпті титтей де әсерін тигізбейді. Сондықтан болар бір байрақтың астында бірлігіміз жарасып, тату тәтті күн кешудеміз. «Жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір, тіліміз басқа болғанымен тілегіміз бір» — деп сабақталған салмақты сөздер ұлт болып ұйысқан ұлы елдің айғақты ұраны іспетті.
Біздің аудан халқының 00,1 пайызын ғана өзге ұлт өкілдері құраса, оның басым бөлігі орыстар. Сондықтан олардың діни мерекелері мен атаулы даталары бізге жақсы таныс. Әлбетте арамызда бірнеше ұлт өкілдері жүргеннен кейін өздерінің діни мерекелерін айрықша өткізу олар үшін өте маңызды. Айтайын дегенім, 19 қаңтарда христиандардың «Крещение» деп аталатын діни мерекесі келді. «Крещу» сөзі грек тілінен аударғанда «шоқыну» деген мағына береді. 18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түннен бастап, христиандар діни мерекелерін айрықша атап өтті. Сол күні мұзды «Крест» бейнесінде ойып, «Күнәдан тазарасың!» — деген сеніммен суға түсті. Өйткені бұл наным-сенім «христиан» дінін ұстанатындарға ғана тиесілі болатын. Алайда соңғы уақытта біздің өңірде орыстармен бірге салқын суға батушылардың қатары көбейген. Биылда сол үрдіс қайталанып, шоқыну мерекесінде қазақтардың да қалыс қалмағандарын көзімізбен көріп, куә болдық.
Бұған біздің асыл дініміз не дейді? Медицина ше? Міне, біз осындай көкейтесті сауалдың жауабын іздеп, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев пен аудандық орталық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлымен арнайы тілдескен едік. Медицинада мұзды ойып, суға түсу арқылы денемді шынықтырып, дертіме дауа табамын дегендерге рұқсат етілген. Алайда мешіт имамы ислам діні оған түбегейлі қарсы екендігін мәлім етті. Сондықтан орыстармен ортақтасып суға секіру әбестеу көрінеді. Әншейін деген әнтек ойлардан арылу қажет. Ұлтымыз рухани жаңғыруға қол жеткізген тұста рухымызды көтеретіндей әрекет етуіміз керек. Ардақты ағайын, асыл дінімізбен салт-дәстүрімізге қайшы келетін әрекеттерден сақ болып, ұлтымызға тән ұмыт қалған салт-дәстүрімізді түгендейік. Өйткені орыс империясының отарлау саясаты талай-талай тектілерімізді тоғытқанымен қазақтар шоқынбаған. Біліп, білмей әрекет етіп жүрген азаматтарға айтар уәжім осы!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.