ӘлеуметБасты тақырып
Абыройы биік тұлға
Ғазиз Займолдаұлын Ойыл ауданының халқына таныстырып жату артық 75 жасқа толып отырған аға кеңестік қоғамның да, тәуелсіз Қазақстан қоғамының да міндеті батпандай, жауапкершілігі зор сатыларынан өткен тұлға. Ғазиз ағай қай қызметте отырса да, өзінің іскерлік қабілетін барлық қырынан көрсете білген жан. Өзіне артылған жауапкершілікке өте зор сеніммен қарады.
Әкімдік институт енгізілгелі осы уақытқа дейін Ойыл ауданын ең ұзақ басқарған тұлғаға бүгін аудан әкімі Асқар Қазыбаев бастаған топ арнайы барып құттықтап, құрмет көрсетті. Ауданда абыройы биік тұлғаның алдымен иығына шапан жауып, мерекелік құттықтауын табыстады. Сонымен қатар, биылғы Ойыл ауданына 100 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медалдың алғашқысын Ғазиз Займолдаұлының омырауына тақты. Естелік сыйлық ұсынды.
Кеңес Үкімет тұсында біздің ауданды үнемі сырттан келген кадрлар басқарғаны жасырын емес. Бір ағамыздың Шалқардан әйел алғысы келетіні туралы әзіл болса да, ақиқаты ащы әңгіменің жаны бар еді. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қиын-қыстау, былайғы сөзбен айтқанда, өліара шақта бұрынғы ұғыммен «артта қалған» Ойыл ауданын басқару осы Ғазиз ағамызға бұйырды. Рас, алғашқы әкім болған адамда осы Ойылдың тумасы. Алайда, Олжабай ағамыздың әкімдік қызметі бір жылдан аспады.
…Әсіресе, сонау кеңестік биліктің қабырғасы сөгілгенімен, елді басқару стилі сетінемеген тұста өңірді экономикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық жағынан да көтеріп алып жүретін басшы керек болатын. Осындай қысылтаяң шақта Ойылға халықпен етене тіл табысып кете алатын басшы қажет болды.
Еңбек жолын қатардағы мүғалімдіктен бастап, ауылдағы бүкіл мехнатты көріп өскен Ғазиз аға кейін комсомолдың майданында қайнады. Кеңестер Одағында қызмет еткен жандардың барлығы дерлік біледі, коммунистік партияның мүшелігіне өту дегеніңіз қиямет-қайым әрекет. Мінездемеңіз, жұмыстағы тәртібіңіз, отбасылық жағдайыңыз бәрі-бәрі шыныдай таза болуы шарт. Жас мамандар үшін ондай құрметке жету үшін көптеген сатылардан сүрінбей өтіп, айналаңыздағы адамдардың сенім артуы міндетті болатын. Ғазиз ағай осы талаптың барлық үдесінен шыға біліп, ол қоғамның да белді мүшесі болды.
Аудандағы кәсіптік білім орнын нарықтық экономиканың талабына тез бейімдеп, облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орнына айналдырды. Көргені мол, тәжірибесі ұшан-теңіз басшының келгенін ел-жұрты екі қолын көтеріп қолдады.
Ауданды басқарған басшылардың қатарында ағайдың есімі ерекше аталады. Ол заңдылық болар. Жұмысқа өте талапшыл, жинақылықты, жауапкершілікті жаны сүйетін. Айтқан тапсырмасын мүлтіксіз орындаған адамдарды қатты сыйлайтын. Ол кісі үшін ұсақ-түйек деген мәселе жоқ-ты. Көзге ілінбейтін нәрсенің өзіне аса жоғары ыждағаттылықпен қарайтын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Өткенін ұмытқандардың, болашағы бұлыңғыр. Біз үшін абыройы биік тұлғаның балалары да биік белестерді бағындырып, аудан, облыс аумағында ірі қызметтер атқарып жүр. Туған жері, ауданы үшін тер төгіп, бірталай тың бастамаларға мұрындық болған Ғазиз ағайды бүгінгі белесімен бізде құттықтап, ұзақ өмір тілейміз!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.