ӘкімдікБасты тақырып
Алдағы міндеттерді ардагерлер бақылайды…
Қазақта «Ардагер аға алдында тұрсын, Әдепті іні артында тұрсын», - деген керемет сөз бар. Расында бүгін күнде Тәуелсіздік таңында татулық пен тыныштықта өмір сүріп жатқанымыз осы ардагер ағаларымыздың еңбегі десек артық айтқандық емес. Өйткені еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз тер төккен ардагерлердің бір бөлек. Бар ғұмырын еліміздің ертеңі үшін елге қызмет қылуға арнаған ардагерлердің қоғамда орны ерек.
Осы орайда кеше ауданға арнайы іс-сапармен Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов келді. Алдымен аудандық саз мектебін аралаған ардагер мейман «Ойылды өнердің ошағы» деуге әбден лайық деген баға берді. Әрі қарай, спорт кешені мен спорт мектебі сынды әлеуметтік нысандарды аралаған Құрания Мағауияұлы «Мейірім үйінің» жұмысымен танысты. Ауданның орталығында мүмкіндігі шектеулі жандармен етене қызмет етіп жатқан ұжымға шексіз алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан кейін, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында аудан ардагерлерімен және бірқатар сала басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ардагерлерге ойларын ортаға салып, қандай да бір ұсыныс, сауалдар болса еркін жеткізуге шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғос Сәрсенбаев бастаған бірқатар ардагерлер ауданда жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берсе, облыстан келген Құрания Аймағамбетов ауданның тыныс-тіршілігіне ризашылығын білдіріп, жергілікті билік өкілдеріне ыстық ықыласын жеткізді. Жиында негізгі қозғалған мәселе қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы атқарылатын міндеттер болды. Сонымен қатар алдағы уақытта өтетін аудандық ардагерлер кеңесінің конференциясы жөнінде әңгіме өрбіді. Сондай-ақ ұзақ жылдар елге қызмет қылған ардагерлерге түрлі төс белгілер тағу жөнінде ой талқыға түсті. Бұл атақ-мансапты таразыға салып, талас қылу деген сөз емес. Ұрпақ үшін, ұлт үшін адамгершілік пен абыройлы қызметті парызым деп ұстанып, кемел келешекке сара жолған қарт ұл-қыздарымыз қандай құрметке де лайық.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.