Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
Көкжардың аспанын жыр кернеген күн
ЖУЫРДА АУДАНЫМЫЗДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ, ТАРЫ ЕГУДЕН ӘЛЕМДІК РЕКОРДТЫҢ АҚТАҢГЕРІ, ДАҢҚТЫ ДИҚАН ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВТІҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫ, ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 100 ТОЛУЫНА ОРАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ. ЖЫР БӘЙГЕСІНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫСТАРДА ҚАТЫСЫП, ШЫҢДАЛҒАН, ӨТКІР ТІЛДІ, СӨЗГЕ ШЕШЕН 8 АҚЫН СУЫРЫП САЛЫП, СӨЗ ЖАРЫСТЫ. КӨКЖАР КӨГІН ШАБЫТ КЕРНЕДІ... ДЕЛЕБЕСІ ҚОЗҒАН ЖҰРТТЫҢ ПАЙ-ПАЙЫ МЕН АЙХАЙЫ ЛЫҚСЫП ТӨГІЛДІ. КИЕЛІ ӨНЕРДІҢ АЙМАҚТА НАСИХАТТАЛУЫНА АУДАН ӘКІМДІГІ МҰРЫНДЫҚ БОЛДЫ.
Жыр маржанынан моншақ түзіп жүрген ақын Оралбай Кәметияның мектебінен түлеп ұшқан айтыс мұзбалақтарының келесі буынына ойылдықтар дән риза болды. Қазылар алқасында жерлес айтыскер ақын, журналист, өнер зарттеушісі Нұрлыбек Қалауов, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, мәденит саласының ардагері Амангелді Жұманов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, ақын- сазгер Орал-Қосай Байсеңгір, айтыскер ақын Марат Ахметов, бойына ақындық қасиет қонған «Nur Otan» партиясы, Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин сынды майталмандар болды.
Ғасырлардан бері халықпен біте қайнасқан айтыс шымылдығын ең жас ақын байғаниндік Нұрбол Жауынбаев пен ақтөбелік Самғар Орынбаев түрді. Төл өнерге сусап қалған қалың жұртшылық қос ақынға бірдей қошемет көрсетсе, ақындар сүбе сөздің маржанын суырып салып айтысты. Ойыл жұртшылығының қызу қошеметі, ақындардың шабытын аша түсті. Бір айта кетерлігі туған жерлерінен түлеп ұшып, бүгінгі айтысқа сонау Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысқан ақындар да болды. Ойылдың тау тұлғалары мен тарихын, ел шежіресін тыңнан жырлап, сөзге арқау еткен ақындар сөз киесіне сүрінбей көсіле шапты.
Айтыстың келесі жұбы Айболат Көшкінбай мен Қайырхан Жұбаниязов көпті күлдіріп, айтыстың жарасымды үлгісін көрсетті. Бірін-бірі әзілмен қағытып отырды. Домбырасын бірінші болып қолына алып сөз бастаған әйтекебилік ақын Қайырхан Жеңісбайұлы Ойыл жайында отты жырларын арнап,
«Ақ түйенің қарыны жарылған күн,
Жыр айтамын жүрегім жарылғанша», — деп ойын еркін жеткізіп отырды. Ал, Айболат Ардақұлы ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп айтып, қарсыласына ұтымды жауап таба білді.
Айтыстың үшінші жұбы болып сахна төріне ақтөбелік ақын Жәнібек Бейбітов пен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген темірлік ақын Нартай Тілеуқұл даңқты диқанды кеңінен ұлықтап, тарихқа терең бойлады. Қос ақын да «Сен тұр, мен атайын» дегендей, салмақты сөздің сүбесін суырып салып, сөзден сүрінбеді. Нартай ақын Жәнібекке «Екі рет екпе алып, екі ауыз сөз таба алмай отырмысың» — деген өлең жолдарына, Жәнібек ақын «Найза сұғып жатса да, датын айтқан, батыр туған бабаның ұрпағымен», — деп табан астында жауап қайырды. Осылайша бұл жұп төл өнерге шөлдеген көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.
Айтыстың соңғы жұбы ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова мен Нұр-Сұлтан қаласынан ат терлетіп жеткен Данияр Алдабергенов жеңге мен қайын іні арасындағы тамаша айтыс жасады. Данияр Нұрымжанұлы кіндік қаны тамған Ойыл топырағын сарыала сағынышты сазымен жырға бөлеп, қарсыласымен де қарқынды айтысып отырды. Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Жұлдыз Қожабекова жақында Ойыл аграрлық колледжіне ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің аты берілетіндігін үлкен қуанышпен жеткізді. Мұндай жақсы жаңалыққа жаршы болған ақын қызға Ойыл жұртшылығы дән риза болды. Екі жұптың арасында саясат жайында өлең жырлары өрбіп, Данияр жеңгесінен басым түсті.
Киелі Көкжар төрінде төрт жұптан құралған сегіз ақын суырыпсалмалығымен бір-біріне дес бермеді. Барлығы да сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті. Төл өнердің асыл қасиетін қоңыр домбыраның шанағына сыйғызып, тартысты айтысқан ақындардың өнеріне халық дән риза! Тіпті делебесі қозып, көрермен залынан «Шап!», «Жібер!», «Пах, шіркін-ай!», деген қиқу қолдаулар ақындарға айрықша шабыт берді.
Ақтық бәсекеге төрт ақын іріктеліп шықты. Қазылардың шешімі көрермен ойымен қабысып, шын дүлдүлді анықтау оңайға соқпады. Алайда сайыс болған соң сайыпқырандар сынға түсуі тиіс. Сондықтан ақтық сынға шыққан ақындар ақ қанат жырларын айтудан аянып қалмады. Жиылған жұртшылық «Осы қалай?» деген ақындарын ыстық қошеметпен қарсы алып, шапалақтарын аямады.
Ақтық сында Нартай Тілеуқұл мен Қайырхан Жұбаниязов ақындық — өнердің ұлығы екенін көрсете білді. Нартай Тілеуқұл жыр додасына үлкен дайындықпен келген. Қарсыласы Қайырханға «Шығанақ атамыз тұқымдыққа тарының ірілерінен жиғанындай», айтыс жасайық деп ұсыныс тастап отырды. Өйткені, «Шығанақ атамыз даңқының аспандауын емес, халқының аш қалмауын ойлап кеткен», — деп төбе құйқаңды шымырлатар әсерлі сөздерімен басым түсіп, нағыз талант иесі екенін сахна төрінде сан мәрте дәлелдеп берді.
Сөз додасының ақтық кезеңіндегі келесі жұп ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен байғаниндік Нұрбол Жауынбаев шаппа-шап айтысты. Нұрбол Жауынбаев қарсыласына есе жіберіп алмауы үшін жалындаған жастықтың буымен Жәнібекті ашық айқасқа шақырды. Сондағы Жәнібек Бейбітовтың жауабы:
Е, бала сөйле қатты осқырынбай,
Мен саған ойламаймын қастық ұдай.
Қасқырда жолдасына қас қылмайды,
Сақтасыншы ініме қас қылуды-ай.
Керісінше екеуміз достасайық,
Бәйгеде қатар шапқан қос құлындай.
Достығымыз мәңгілік болсын біздің,
Жолдыбай мен Нұрлыбектің достығындай.
Рас, осы бір салмақты сөздерімен Жәнібектің жал-құйрығы жетілген жас ақындардың алдыңғы легінде көш бастап келе жатқандығын байқауға болады.
Терең ойды тебіреніп, ұйқасына ұйытқы қылып айтысқан ақындар Тәуелсіздікті де жырларына арқау қылды. Киелі Көкжар елі жайында айтылмаған сөз, арналмаған жыр қалмады десек артық айтқандық емес. Нәтижесінде Нұрсұлтан қаласынан келіп қатысқан Нартай Тілеуқұл шашасына шаң жұқтырмай, Ойылдың тарихын, Шығанақтың еңбегін ерекше жырлап айтыстың бас жүлдесін яғни 500 мың теңгені жеңіп алды. Ал, бірінші орын жас ақын, төгіле жырлаған екпіні қатты, айтыс өнеріне әбден төселіп қалған байғаниндік Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. Екінші орынды сүбелі сөзімен салмақты айтысып, өткір теңеулерімен тебірене толғаған ақтөбелік Жәнібек Бейбітов еншіледі. Үшінші орынды дүйім жұртшылықты домбырасының әуенімен баурап, серілігімен көзге түскен, Әйтекеби ауданының атынан шыққан Қайырхан Жұбаниязов қанжығасына байлады. Айтыстың жүлделі орындарын жеңіп алған ақындар қомақты қаржымен марапатталса, айтысқа қатысқан басқа ақындарға 50 мың теңгеден қаржылай ынталандыру сыйлығы табысталды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.