Әкімдік
Қоғамдық Кеңес қайткенде күшейеді?
Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Әлі күнге дейін аталған институтты жетілдіру, оның жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты сын-ескертпелер толастамай тұр. Мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған қоғамдық кеңестер өз міндетін толық атқарып жүр ме?
Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Министрліктердің, орталық атқарушы органдардың жанынан, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлерінде консультативті-кеңесші, бақылаушы орган ретінде құрылған бұл институт бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметтің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ықпалын тигізеді. Яғни, атқарушы органдар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәселелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қоғамдық Кеңестердің құрылғанына көп бола қоймаса да, осы ұйымның жұмысын ілгерілетуде көлбеңдейтін көлденең мәселелер де аз емес. Ондай түйткілді сұрақтардың басында қоғамдық кеңестердің құрамына қатысты мәселе тұр. 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық Кеңестер туралы» заңда қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауы тиіс екені көрсетілген. Соған қарамастан, қоғамдық кеңестің басым бөлігін құрайтын азаматтарды қарапайым жұрт біле бермейді. Оның мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатпағандықтан, әлеуметтің өзекті мәселелері тиісті орындарға жетпей жатады. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген «Қазақстандағы қоғамдық кеңестер: дамудың негізгі трендтері» атты сараптамасында кеңестердің белсенділігі оның мүшелерінің белсенділігіне байланысты екені айтылған. Сауалдамаға қатысқан сарапшылардың пікірі бойынша, кеңес мүшелерінің саяси салмағының әлсіздігі, олардың шын мәнінде қоғамдық кеңестердің қызметіне аса құлықты еместігі, жалпы жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарамауы – аталған институтты дамытудағы басты кедергілердің бірі. Сонымен қатар белгілі бір мемлекеттік органның жанынан құрылған кеңес мүшелері сол мекеменің зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлері екені де айтылады.
Мысалы, бұрын қоғамдық кеңес мүшелерінің сайлануын анықтайтын жұмыс тобына мемлекеттік органның басшысы жетекшілік етсе, қазір азаматтық қоғамның өкілдері өздері басқарады. Бұл қоғамдық кеңестердің дербестігін күшейтуге ықпал етеді. Заң жобасымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері үшін жаңа құқықтар мен өкілеттіктер енгізіледі. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің ұсыныстарының орындалу мәселесі де бір жолға қойылмақ. Енді мемлекеттік органдардың ұсыныстарға бір айдың ішінде дәлелді жауап беруі тиіс екендігі көрсетілген норма күшіне енбек.
Жалпы, билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру, жаңғырту үшін оның дамуына кері ықпалын тигізетін осындай кедергілер кеңінен талқыланып, оларды жою бүгінде басты назарда тұр. Осы мақсатта екі жылда бір рет дәстүрлі түрде қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі ұйымдастырылады, сондай-ақ жылына бір рет сарапшылар институтты дамытудың жай-күйі туралы кешенді баяндама жасайды.
Қазіргі таңда Ойыл аудандық Қоғамдық Кеңес құрамы 15 адамнан тұрады. Бұрын Қоғамдық Кеңестің үштен бір құрамын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері құраса, қазір түгелдей азаматтық қоғам мүшелелері құрайды. Өткен 2021 жылы Қоғамдық Кеңестің 6 отырысы, биыл 2 отырысы өтіп, онда аудан халқының әлеуметті жағдайын, ауданның басқа өзекті мәселелері қаралып тиісті шешімдер қаралды.
Бүгінде көпшілікпен байланыс орнатудың кең ауқымды құралы – әлеуметтік желілер. Бұл бағытта біздер Қоғамдық кеңес туралы ақпараттарды аудандық мәслихаттың uil-maslihat.kz сайтына салып отырамыз.
Берік Бисекенов,
аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы.