Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті басшылық тарапынан қамқорлық мен қолдау көп. Одан бөлек, ел Президенті өз Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарға аса көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Оларға берілетін жәрдемақы да айтарлықтай өсті. Жалпы әр кезде тағдыр сынаған жандар әр мерекеде назардан тыс қалып көрген емес. Ортаға бейімдеп, қоғамдық жұмыстарға араластыру үшін қолдан келер көмекті де мейлінше жасап жатыр. Өткен аптада атаулы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде ерекше жандармен кездесу өтті. Аудан әкімі Дастан Сағыров мерекелік құттықтау сөзінде амалсыз арбаға таңылса да, елге қызмет етіп, немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға ризашылығын айтты. Оған дейін мерекеге келуге мүмкіндігі жоқ жандардың үйіне барып арнайы құттықтап шыққан болатын.
«Қадірменді жерлестер! 1993 жылдан бастап бұл күн ерекше тойланып келеді. Елбасымыздың Жолдауы да сіздердің әлеуметтік жағдайларыңызбен тікелей байланысты. Әрбір жан мемлекеттік қызметті мейлінше еш кедергісіз алу керек. Әлеуметтік нысандарға еш кідіріссіз кіруі тиіс. Жақында ауданның белсенді жастары ұйымдастырған тегін такси сіздерге қызмет етеді. Ал жергілікті әкімдік қолдан келген бар жақсылықты аямайды. Алла сіздерге қуат берсін!» -деп ауданның қоғамдық саяси, мәдени және спорттық шараларына белсенді қатысқандарға алғыс хат берді. Одан кейін Ерген Жолдаевқа жұмыс орнын ашу үшін ноутбук, фотоаппарат және түрлі-түсті сурет шығаратын принтер табыс етті. Сонымен қатар мерекемен тұспа-тұс келген туған күн иелерін арнайы ықылас білдіріп, құттықтады.
Ал аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаев баяндама жасап, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ахуалын, олар үшін жасалған жұмыстар мен шараларды айтып өтті. Салтанатты кештің арты мерекелік концертпен жалғасты. Мүгедектер күніне орай 120 адамға мерекелік сыйлық әзірленіп, табысталды.