Спорт

Рәміздер мерейтойына тарту

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш қадамы өзінің Туын, Әнұраны мен Елтаңбасына иелік етуден басталады. Міне, біздің көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтата шырқап, Елтаңбамызмен әлем елдеріне танылып келе жатқанымызға биыл 30 жыл толады.

Айтулы мерекеге орай аудан спортшылары ауызбіршілігін паш етіп, футболдан ұйымдастырылған аудан біріншілігіне айрықша атсалысты.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай жастар арасында шағын футболдан аудандық турнирге 9 команда қатысты. Қараой, Сарбие, Қайыңды, Ойыл ауылдық округтерінен бір-бір командадан келсе, «Көкжар», «Қайрат», «Полиция»,  «Ұстаз» және «Ақтөбе ЛФК» командалары өзара бақ сынасты. Теңбіл допты қарсыластың қақпасына кіргізуге асыққан командалар тартысты ойын көрсетті. Турнирдің ақтық ойыны көрермендер көңілінен шығып, жарыс қорытындысы бойынша lll орын Ойыл ауылдық округінің командасына бұйырса, ll орынды Ұстаз командасы еншіледі. Ал, l орынға Ақтөбе ЛФК командасы ие болды. Сонымен қатар Ойыл ауылдық округі командасының ойыншысы Досымжан Қабдуахит турнирдің «Үздік ойыншысы» атанса, Ұстаз командасының ойыншысы Нұрлыжан Мұқашев «Үздік қорғаушы» деп танылды.  Ақтөбе ЛФК командасының мүшесі Нұрқасым Бүркітбаев «Үздік қақпашы» атанып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар