Әлеумет
Тыл ардагеріне құрмет көрсетілді
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 77 жыл толды. Біз үшін Жеңіс күнінің маңызы ерекше. Әсіресе ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ардақтау – перзенттік борыш. Бүгінде біздің ауданда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің іздерін тыл ардагерлері жалғап келеді.
Дүйсенбі күні аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл селосындағы тыл ардагері Шәмшия Аманбаева әжені Жеңістің 77 жылдық мерекесімен арнайы құттықтап барды. Арнайы сый-сияпатымен бірге Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің ерекше ілтипатын, құттықтау хатын жеткізді. 102 жастағы Шәмшия әже ашық-жарқын әңгіме барысында ел аумағында болып жатқан түрлі оқиғалардан хабардар болып отыратынын айтып берді. Мерекемен құттықтап келген аудан басшылығына еліміздің тыныштығы мен ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Аудан әкімімен бірге келген аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосовтар дастарханнан дәм татып, әжемен емен-жарқын әңгімелесті.