Спорт
Екі жарыс – еншімізде төрт медаль!
Боск – Қазақстанның Олимпиада ойындарында көп олжа салған спорты. Әрі олардың дені ауылдан шыққан өрендер. Біздің ауданның жастарының да бұл спортқа қызығып, ұмтылуы заңдылық. Осы мамыр айында екі жарысқа барған ойылдық жас былғары қолғап шеберлері екеуінен де олжасыз қайтқан жоқ.
Мәселен, 2-7 мамыр аралығында Ақтөбе қаласында Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы В.Аносовты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Өзіміздің барлық облысты айтпағанда, көршілес бес мемлекеттен балғын боксшылар келген жарыстың мәртебесін спорттан хабары бар адамға айтып жату артық. Осы жарысқа Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Сейітжан Ермағамбетов те өзінің төрт шәкіртін қосты. 70 кг салмақта шаршы алаңның шаңын шығарған Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ерасыл Абдоллаев халықаралық жарыстың қол медалын мойнына тақты.
Ал, мамыр айының 10-13 аралығында бокстан балалар мен жасөспірімдер арасында облыстың ашық біріншілігі өтті. Кәнігі бапкердің үкілеп қосқан үш боксшысы да жүлдеге қол созды. 32 кг-да Нұрислам Садық, 58 кг-да Исабек Манарбеков пен 70 кг-да Батырхан Қайыржандар тек финалда жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.