Рухани жаңғыруСпорт
Шуақты мерекеде ашылған шағын футбол алаңы
Жуырда Қазақстан Республикасының «Конституция» күні еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай тойланды. Айтулы мерекеден қараойлықтарда қалыс қалмады. Тоқтала кетсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуының даңғыл жолын көздейтін «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баса айтылған «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасын қолдап, өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен облысымызда ұйымдастырылып жатқан «Бақытты бала» жобасы аясында жалпы ауданымызда көптеген игі істер атқарылып келеді. Соның бірі «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында Қараой ауылдық округінің орталығында заманауи үлгіде салынған шағын футбол алаңы. «Қобыланды» ЖШС-ң демеушілігімен 8 миллион теңге қаржыға жасанды төсенішпен жасақталған шағын футбол алаңы дәл мереке күні ашылды. Салтанатты шарада арнайы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев барша қараойлықтарды атаулы мерекемен құттықтады. Сонымен бірге ауыл жастарына айрықша сый тарту еткен «Қобыланды» ЖШС-нің ұжымына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті. Одан соң округ әкімі Сәкен Ғазизұлы да ауылдың көркеюіне атсалысып, қоян қолтық жұмыс жасап келе жатқан «Қобыланды» ЖШС-нің ұжымына өз атынан, тұрғындар атынан алғыс айтып, естелік сыйлықтарын тарту етті. Жаңа алаңның лентасын аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев пен «Қобыланды» ЖШС-ң атқарушы директоры Махмут Налибаев қиды. Шуақты мерекедегі шағын футбол алаңының ашылу салтанаты Астана қаласының 20 жылдығына орай және «Конституция» күні мерекесіне арналған жастар арасында шағын футболдан аймақтық біріншілікпен жалғасты. Қараойлықтар ұйытқы болған спорттық додаға көршілес Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының ауылдық округтерімен бірге Ақшатау, Сарбие ауылдарынан келген футболшыларымыз қатысты. Допты ойынға алғаш болып, Сарбие, Қараой командалары қосты. Шағын алаңда шебер ойын көрсеткен командалардың есебі тең түсті. Аймақтық біріншілік ширақ ойын көрсеткен командаларға қызу қошемет көрсеткен жанкүйерлердің шуымен үндесіп, әрі қарай тамаша да тартысты ойындармен жалғасты.
P.S. Шағын футболдан өткен айтулы аймақтық біріншілігінде бұған дейін аудан біріншіліктерінде табанды ойын көрсетіп жүрген «Қараой жастары» командасы жеңімпаз атанды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қараой-Ойыл.