Басты тақырыпМәдениет
ЖАНТОЛЫЛАР «БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ» АТАНДЫ
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының атқарар рөлі үлкен. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру мақсатындағы «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Ұлттық конкурстың облыстық қорытындысы бойынша 8 отбасы марапатталды. Облыста бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп, жүзден жүйрік атанған сегіз жанұяның ішінде ауданымыздан қатынасқан Жантолы отбасы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде «Берекелі отбасы» номинациясын жеңіп алды.
Жантолы Бөкен Қабиұлы 1954 жылы Ойыл ауданы, Қараой ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1974 жылы Қараой орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі болып бастап білім беру саласында 20 жыл, мемлекеттік қызмет саласында 23 жыл еңбек етті. Мектеп директорының тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып 18 жыл, ауыл әкімі болып 14 жыл, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, ұйымдастыру бөлімдерінің басшысы болып 9 жыл, барлығы 41 жыл лауазымдық қызмет атқарды. Бөкен Қабиұлы ұстаздықпен бірге астық ору жұмыстарына араласып, комбайнер мамандығын меңгерген. Ауданның 3 дүркін чемпионы және рекордшысы. Адамзаттың ең ізгі кәсіптері ұстаздық пен диқаншылықты қатар меңгеріп Совет жастарына айрықша еңбегі үшін берілетін ОЛКСМ орталық Комитетінің «Алтын масақ» белгісімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған. Жанұя басшысы кәсіби және қоғамдық жұмыстары үшін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Президенттің алғыс хатымен, облыс және аудан әкімдерінің бірнеше алғыс хаттарымен марапатталған.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттік қызмет саласына арнаған Бөкен аға мен Баян апа 5 ұл-қыз тәрбиелеп, одан 11 немере сүйіп, ырысы мен ынтымағы жарасқан үлкен жанұяға айналған. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жандардың отау құрғанына 44 жыл. Балалары мен келіндері халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етіп жүр.