ӘлеуметБасты тақырып
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары халық жауларын анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Осы кезең аралығында елімізде 109 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол бір зобалаң жылдары біздің өңірден 316 адам ату, айдау жазаларына кесілген.
Сөз басынан тарих беттеріне шегініс жасасақ, сол бір солақай саясаттың салдарынан елдегі сауатты, ұлтжанды азаматтарды сүттің бетіндегі қаймағын қалқып алып, қазақтың зиялықауым өкілдерін ату жазасына кесті. 1937-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Қаншама қиыншылықтарды, азапты жылдарды басынан кешірді. Бүгінде мұның барлығы тарих беттеріндегі бұқпасыз шындық. Осы орайда бүгін орталық саябақта Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтті. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Дастан Сағыров сталиндік репрессия, тоталитарлық саясаттың соқпағынан тарихи деректер келтіріп, сол бір кезеңдердегі ұлтшыл азаматтардың атын ұлықтап, солардың аруағына тағзым ету азаматтық парыз екендігін ерекше атап өтті.
Одан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан сөз алған Өтеген Сағатов елімізде ешқандай зобалаң, қан -төгіс болмасын, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын деген тамаша тілегін білдірді. Одан кейін мектеп оқушылары қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміздің есімдерін тізім бойынша атап өтсе, аудандық мәдениет үйінің әншісі Жайнагүл Махметова «Заманай» әнін тебіренте шырқады. Аудандық орталық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған бабалар рухына құран бағыштады. Ал айтулы шараға арнайы қатынасқан жас келіндеріміз жиылған көпшілікке жеті нан таратса, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен ақсақалдар саябақтың қақ ортасынан орын алған қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы бір шарадағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған бір минут үнсіздік ойымызды сан-саққа жетелеп, бойымызды шымырлатты. Бүгінгідей бейбіт күнге жеткізген ата-бабаларымызға айқайлап тұрып алғыс айтып, жазықсыз жапа шеккендері бауырыма басқым-ақ келді. Бірақ ол мүмкін емес еді. Сондықтан бар айтарым әнұранымыз алты құрлыққа естіліп тұрған мамыражай заманда қазақ үні ешқашан өшпесін.
Муса Әділбайұлы