ӘлеуметБасты тақырып
Сайлауды ұйымдастырушылармен семинар өтті
Бүгін Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ғимаратында кезектен тыс Президент сайлауын әзірлеу және өткізуді ұйымдастыру жөнінде семинар-кеңес өтті. Шараға ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров қатысты. Басқосуға кандидаттардың штабтары-сенім білдірілген тұлғалары, байқаушылар, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары жиналды.
Кездесуде алдымен сөз алған ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кезектен тыс сайлаудың ерекшеліктері, сайлауды өткізу тәртібі мен ережелері туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
— Елімізде 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы лауазымына 6 кандидат тіркеуден өтті. Кандидаттарға бірнеше талап қойылды. Президентке үміткер Қазақстан Республикасында туылған Қазақстан азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ жоғары білімі бар, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 15 жыл тұрған болуы шарт. Жасы кем дегенде 40 жаста болуы керек. Өтініш берушінің белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы және мемлекеттік тілді еркін меңгеруі қажет.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы 21 қазан мен 18 қараша аралығында өтеді. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады. 19 қараша үнсіздік күні деп жарияланды. Осы күннің басталуымен кез келген үгіт тоқтатылады. 20 қараша — дауыс беру күні. Сайлау ұзақтығы 13 сағатқа созылады, яғни таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады, — деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.
Оның айтуынша, кезектен тыс президент сайлауында бірінші рет дауыс беретін сайлаушыларға сыйлық беру үшін қаражат бөлінбеген.
— Алғаш рет 18 жасымда дауыс бердім. Саяси науқанға бірінші рет қатысқаным үшін маған телефон нөмірлерін жазуға арналған қойындәптер тарту етілгені есімде. Әрине, сыйлық емес, бастысы көңіл ғой. Сайлау комиссиялары сайлаушыларға қуаныш сыйлау үшін кәдесый жасауларына болады, бірақ міндетті емес. Бұл мақсатқа арнайы қаражат қарастырылған жоқ, — деді К.Петров.
Біздің облыста сайлауға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Өңірде 517 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылар саны — 560 819 адам.Облыс орталығында, аудандардағы елді мекендерде 350 ақпараттық сыртқы баннерлер (12- LED-экран, 130 ғимаратқа ілінетін баннер, 208 билборд) орнатылған.
— Қалалық және аудандардың әкімдіктерінде Call-орталықтар жұмыс жасауда, онда азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізуді тексеру және сайлау учаскелері орталықтарының орналасқан жерін нақтылау мәселелері бойынша барлық қажетті кеңестер беріліп жатыр. Сондай-ақ https://t.me/Akimat04bot телеграмм бот арқылы сайлаушылар тізімнен өздерін тексеріп, ЖСН теру арқылы қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін біле алады.
Барлық учаскелік сайлау комиссиялары кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге дайын, — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.
Жиын барысында жергілікті атқарушы органдардың сайлауды ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жоспары туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұлов баяндама жасады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуарбек Қонжар учаскелердің мүмкіндігі шектеулі сайлаушылармен қалай жұмыс істейтіні туралы айтты.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.