Әлеумет
Абайды бүлдіршіндер де біледі
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай еліміздің барлық өңірі көптеген іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Абай атамыздың балалық шағы мен шығармашылық, танымдық қасиеттерімен таныстыру мақсатында «Асанәлі» бөбекжай-бақшасында тәрбиешілер Динара Мергенова мен Қызылгүл Әшім «Абайды тану — Ұлтыңды тану» атты бүлдіршіндермен бірге ауқымды шара өткізді. Айтулы шараға аудандық балалар кітапханасының аға кітапханашысы Гүлайым Қаплиева бүлдіршіндерімізді Абай Құнанбаевтың өмірбаянымен таныстырып, кітаптарына шолу жасады. Сонымен қатар, адамгершілік қасиеттің барлық сырларын ашып, артына өшпес мұра қалдырған ақынның еңбек жолын қамтыған көрме жасақталды. Көрмеге ата-аналар да айрықша үлестерін қосты. Аудандық орталық кітапханамен бірлесе жұмыстар жүргізіліп, жас кітапханашы Аяжан Бақтығали жас кезінен зерек өскен бала Абайдың рөлін сомдау арқылы ақынның балалық шағын бүлдіршіндерге нақты жеткізді. Сонымен қатар, балабақшамыздың ата-аналары да белсене қатысып, өлеңдерін, қара сөздерін нақышына келтіріп жеткізсе, балабақшамыздың балалары да өлең жолдарын жатқа жарыса айтты. Абайды балабақшадан танып, оның шығармаларын бойларына сіңірген өскелең ұрпақтың келешекте саналы, ұлтшыл ұрпақ болып өсетініне үлкен сенімдеміз.
P.S. Шара соңында балабақшамыздың меңгерушісі Асел Бисебаева белсене қатысқан ауданымыздың кітапханашыларына, ата-аналарға алғысын білдірді.
Динара МЕРГЕНОВА,
«Асанәлі» бөбекжай-бақшасында тәрбиешісі.