ӘлеуметБасты тақырып
Табиғаттың қысқы құбылысы
Қазір мұндай көрініске көз үйрене бастады. Жаһандық жылынудың әсері болса керек, соңғы жылдары қыстың ортасында қар еріп, су тасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Ойылдықтар Жаңа жылды жапалақтаған қармен қарсы алғанымызбен соңы жылымыққа ұласып, айлық мөлшерге жуық жауған қар екі күнде еріп кетті.
Өткен аптаның соңы тіпті тосын «сыйға» толы болды. Жұма күні ауа-райы күрт жылынып кетті.Түсте басталған қар кешке дейін тобықтан асты. Алайда, синоптиктер сол күні түнде жаңбыр болатынын ескертіп жатты. Айтқандары айдай келді.Түнімен жауған жаңбыр күні бойғы қарды сай-саламен ағызды. Екі күн бойы толассыз жауған қар мен жаңбыр былтырғыдай Көптоғайға қауіп төндірді. Алайда көшенің ортасымен аққан қар суы ешбір ауыл тұрғындарының үйлеріне қауіпті болған жоқ. Сонда да «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, еріктілер мен арнайы техника жұмылдырылып, төтенше оқиғаларға жол берілген жоқ. Көптоғайлықтарға тілсіз жаудың «кесірі» мұнымен шектелмеді. Шлюздер ағын суды өткізіп үлгермегендіктен Амангелді ауылымен арадағы жолды жарып кетті. Абырой болғанда қолайсыз ауа-райы салдарынан бейнетке тап болған адамдар дер кезінде құтқарылды.
Серікбай Қойбағаров,
Ойыл селосы.