ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

КӨГІЛДІР ОТЫН — АҚШАТАУ МЕН ҚАРАКЕМЕРДІҢ ҚУАНЫШЫ

Ойыл ауданына қарасты Ақшатау ауылында тұрғындар көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болды. Ауылға табиғи газ берілді. Бүгінде елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартып, ауылдардың дамуына жаңа серпін беруде. Ақшатау ауылына газдың келуі де жергілікті халық үшін үлкен қуанышқа айналды. Енді тұрғындар үйлерін жылыту мен тұрмыстық қажеттіліктерін анағұрлым қолайлы әрі тиімді жолмен қамтамасыз ете алады. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі ел Президентінің тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ауылдарды газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Өз кезегінде Серік Дәулетов өңірде газдандыру қарқыны жыл сайын артып келе жатқанын айтып, ақшатаулықтарды айтулы оқиғамен құттықтады. Шара барысында көпшілік асыға күткен тарихи сәт туып, көгілдір отынның алауы жағылды. Ауыл ақсақалдары ақ тілектерін айтып, ел игілігіне арналған бастаманың берекелі болуына баталарын берді. Ауыл ақсақалы Кәрім Қарасаев тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтап, елдің ынтымағы мен берекесін тіледі. Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың ән-жырына ұласып, ауыл тұрғындарының шаттыққа толы көңіл күйін одан әрі көтерді.

Ойыл ауданындағы шалғай ауылдардың бірі – Қаракемер елді мекені табиғи газға қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, көптен бері көтеріліп келген өзекті мәселенің түбегейлі шешілуіне жол ашты. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Қаракемер ауылында бүгінде 55 аула бар, 311 тұрғын тұрады. Елді мекенде мектеп, медициналық пункт және мәдениет ошағы жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін ауыл халқының басым бөлігі үйлерін қи және көмірмен жылытып келген. Алайда көмір бағасының жыл сайын қымбаттауы, оны жазда сақтау және қыс мезгілінде тасымалдаудың қиындығы тұрғындарға едәуір салмақ түсіріп келді. Енді көгілдір отынның келуі бұл түйткілдерді артта қалдырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңін бастады. Қаракемердегі қуанышты оқиғаға арналған салтанатты шараға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов пен аудан әкімі Асқар Қазыбаев қатысып, тұрғындарды айтулы жаңалықпен құттықтады. «Бұл – мемлекет қолдауының, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді аудан әкімі Асқар Қазыбаев. Қаракемерліктер мәселенің шешімін тапқанына дән риза. Салтанатты рәсім барысында ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Қаракемер ауылының тұрғыны, ақсақал Жолдасқали Оспанов көпшіліктің қуанышын жеткізіп: «Көптен күткен арманымыз орындалып, ауылымыз газбен қамтылды. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін үлкен игілік. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Ел аман, жұрт тыныш болып, береке-бірлігіміз арта берсін», – деді.

Related Articles

Back to top button