Басты тақырыпСпорт

КӨКПАР ТАРТҚАН ЖҰРТ ЕДІК…

«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының ұйымдастырумен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Ойыл аудандық Көкпаршылар федерациясының көкпаршылармен Ойыл аудандық аграрлық коледжінің студенттері жүздесті. Кездесуге партияның атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин, аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, Көкпаршылар федерациясының басшысы Айбат Елемесұлы, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бақберген Мұхамбетқали қатысты. Басқосуда Айбат Елемесұлы көкпар ойынының қыр-сырын түсіндіріп, құрамдағы көкпаршы азаматтардың жетістіктері мен ойын барысындағы қажырлы еңбектерінің нәтижесінде аудан абройын қорғап келе жатқандығын айтып өтті. Сонымен қатар көкпаршы Еркебұлан Егізбаев көкпар ойынына арнайы қажетті ат әбзелдері мен ойыншылардың киімдерімен таныстырып, ұлттық спорт түрінің одан әрі қарыштап дамуына қолдау көрсетуші азаматтарға алғысын жеткізді. Басқосудың екінші бөлімі көкпаршы азаматтарға арналған арнайы марапаттармен жалғасын тапты. Атқарушы хатшы Еркін Жиеналин көкпаршыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын табыс етіп, жылы лебізін білдірді. Ұлттық спорт түрлерінің өмірімізде алар орны ерекше. Ол тек дене шынықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, елге, салт-дәстүрге, тарихқа деген құрметті айшықтап, патриоттық рухты асқақтата түседі.
Сіздер ұлттық спортты жаныңызға серік ете отырып, ауданымызда «Көкпар ойынын» жандандыруда ұрпаққа өнегелі із қалдырып келесіздер. Дүбірлі додаларда дес бермей, талайы тартыстарда көк серкенің тұлыбын тақымға тартып, ауданымыздың абройын қорғап жүрсіздер. Сізге, ұлттық спорт саласындағы жеткен жетістіктеріңіз және ұлттық мұрамызды дәріптеуде қосқан үлесіңіз үшін ерекше алғысымды білдіремін, — деді Еркін Жиеналин. Одан кейін сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Сәкен Займолдин көкпаршы азаматтардың еңбектерін нағыз ерлікке балап, өсіп келе жатқан жас буынға үлгі-өнеге екендігін айтты. Ұлттық спортты дәріптеп жүрген азаматтарға өз атынан арнайы қолдаулар көрсетіп, көкпар ойынына нағыз қажетті ертоқымды сыйға тартып, бірқатар азаматтарға шипажайға жолдама ұсынатынын жеткізді. Шара соңы студенттермен еркін түрде пікір-талас алаңымен жалғасын тапты.

Басқа жаңалықтар