Басты тақырып
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОРАЗАСЫ ДҰРЫС ПА?
ҚАЗАҚ ДЕГЕН БІР АЛЛАҒА СИЫНҒАН ЕЛМІЗ! ҰЛЫ ЖАРАТУШЫНЫҢ БАРЫНА СЕНІП, БАЛАНЫ ЖАСТАН ЕШКІМНІҢ АЛА ЖІБІН АТТАМАУҒА ӘУ БАСТАН-АҚ ТӘРБИЕЛЕП КЕЛЕДІ. ҚҰДАЙҒА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУДІ, БЕС ПАРЫЗЫН ӨТЕУДІ АҚЫЛ-ЕСІ ТОЛЫҚҚАН СӘТТЕН БАСТАҒАН. ЯҒНИ ҚЫЗҒА ДА, ҰЛҒА ДА БАЛИҒАТ ЖАСЫНА КЕЛДІҢ, МҰСЫЛМАНДЫҚ ПАРЫЗЫҢДЫ ӨТЕ ДЕП, ТӨТЕДЕН ТАРС ЕТКІЗІП АЙТПАҒАН. ИСЛАМ ДІНІНЕ БЕРІК ЕКЕНІН АТА-ДӘСТҮРІ, ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІ АРҚЫЛЫ ҰЛЫҚТАП КЕЛЕДІ.
Кешегі орыстың 70 жыл боданында болып, Кеңестік дәуірде, Бір Алланың бары ақиқат екенін естен шығармады. Діни сенімге тосқауыл қоя алмады. Құдайсыз қоғамда өмір сүргеннің өзінде бақилық болған бауырының жаназасында, сонымен қатар өлі аруақтарға құран бағыштаған. Ал, қазір Аллаға шүкір! Ешкімге Тәуелсіз елміз… Алланың үйі аталатын күмбездері көк тіреген мешіттеріміз де бар. Елімізде көп ұлттар мен ұлыстар мекен еткендікден олардың өз діндерін ұстануларына тиым жоқ. Мәселе жат ағымның жетегіне ерген жастарымыз көп. Мұндай санасы уланған жастар имамдар мен теологтардың басты назарында. Оны айтпағанның өзінде қазір Ораза ұстайтын оқушылардың қатары көбейген. Осы тұста адамдар арасында екі жақты пікір қалыптасып үлгерді. Бірі «Оқушылар ораза ұстау қажет емес» десе, енді бірі «Балиғат жасына жеткен әрбір адамның ауыз бекітуге құқы бар» деген ойды құптайды. Міне осы тақырып аясында түрлі сала өкілдерінің пікірлерін сұраған едік.
Нұрсұлтан Серікұлы,
Ойыл аудандық мешітінің бас имамы.
Ораза ұстау адамдардың шешетін мәселесі де, тіпті мемлекеттік заңдылықта емес. Әркімнің ынта-ықылас, жүрек қалауы. Жаратушысына деген құлдың рухани байлығы, оған ешкімнің де хақысы жоқ. Оны бұйрықпен тоқтату мүмкін емес. Оған дін тарапынан қойылған шарттары бар. Дінімізде балиғат жасына жетпеген жанға ораза ұстау парыз емес. Ал, өз еркімен ұстаймын деген жанға ешкім тосқауыл бола амайды. Оразаны себеп қылып әркім өзіне жүктелген Жаратушысының алдындағы жауапкершілігіне немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Біреудің әлсіздігін көріп, бәріне бірдей тиым салу орынсыз. Бірақ мынаны ескеру керек. Ата-ана тарапынан балиғат жасына жетпеген жанға мәжбүрлеп, ораза ұстауға күштемеу керек. Өйткені Қасиетті Құранда «Дінде зорлық жоқ» деген. Есесіне білім алуға үндеуі қажет. Рүстем Сағынғалиев,
Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Мектеп оқушылары арасында ауыз бекітіп, ораза ұстап жүрген оқушылар бар. Жалпы олай айтуға болмайды әрине, дегенмен де оқушылардың ауыз бекітуіне қарсымын. Себебі, олар сабаққа келгенде шаршап отырады. Ұйқылары келіп, сабақтарына салғырт қарап, үй тапсырмасын орындамай жүргендері де кездеседі. Ораза ұстаған адам ол әрекетін міндет қылмауы керек қой. Міндет қылса, тілегі қабыл болмайды, сауап алмайды деген бар емес пе?! Бала мектептің ішкі тәртібіне бағынып, оқушылық міндетін орындауға тиісті. Білім алып, сабаққа уақытында дайындалып, бағасын алу керек. Келешек білім мен ғылымның заманы.
Назира Аралова,
Жасөспірімдер терапевті.
Біріншіден діни жағынан айтар болсақ, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Медицина жағынан айтар болсам, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік, қан аздық пайда болады. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Көктемгі қараөзек шақта жас организмнің күні бойы аш жүруі баланың иммунитетін әлсіретеді. Әлсіз ағза әртүрлі ауруды тез қабылдайды. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес беремін. Кез-келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек.
Оқушылардың оразасы жайында әлеуметтік желіде жақсы жазбаны көзіміз шалды. Онда былай дейді:
— Қазір балалардың асқа, Мəшһүр Жүсіп атамыз айтқандай нанға тоймайтын кезі емес пе? Жасы келген асқазаны ас қорытпайтын кəрі кісі яки жегенін əбжыландай асықпай қорытатын жасамыс адамдай емес, жас баланың ағзасы маздап жанып тұрған отты пеш емес пе? Маздап жанып тұрған от сəт сайын отын тілемес пе?! Ал енді осы маздап жанған отқа аз ғана уақыт отын салмай қойсаңыз, лезде сөніп, қоламтаға айналып, шала боп қалмай ма? Баланың да ағзасы осы от сияқты, тамақ ішпеген баланың əл-дəрмені тез таусылады, күш-қуаты жылдам сарқылады…
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.
/сурет интернеттен алынды/