ӘкімдікБасты тақырып

ОЙЫЛДАҒЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПУТАТТАР БАҚЫЛАУЫНДА

Ойылға жұмыс сапарымен Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары Талғат Салфиков пен Естай Сисенбаев келді. Олар аудандағы инфрақұрылымды дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен Саралжын ауылдық округіне қарасты Ақкемер ауылының кіре беріс жолының 3 шақырымына жүргізілген орташа жұмыстарын көрді. Оған биыл аудандық бюджеттен 87 млн. теңге қаржы бөлінген еді.

Ал, жалпы ұзындығы 12.7 шақырымды құрайтын жобаның құны 340 млн. теңге.
Тендердің жеңімпазы «Ербол-Эль» ЖШС-і жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Сондықтан, қалған қаржысы бөлінсе, ақкемерліктердің бірнеше жылдан бергі көтеріп жүрген мәселесін жыл аяғына дейін шешіп тастауға ниетті.
Одан кейін депутаттар құрылысы былтыр басталған Саралжын-Қайыңды жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмысымен танысты.
Депутаттар аудан басшыларына жол құрылысының сапалы, әрі мерзімінде аяқталуын бақылауды тапсырып, компанияда еңбек ететін жұмысшылардың жергілікті үлесіне де жіті назар аударды. 27 шақырым жолдағы жұмыстың биылғы бөлігін осы жылдың тамызының соңына аяқтауды міндеттеніп отырған «Ақпан – 2030» ЖШС-і директорының орынбасары Әнуар Алтынбаев жол құрылысына тартылған жұмысшылардың 80 пайызы сол төңіректің тұрғындары екенін айтса, ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов халық қалаулыларына ауылдың өзекті мәселелерін жеткізді.
Ал, түстен кейін «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының ғимаратында аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Осыған дейін Ойылдағы үлкен жобаларды өз қаражаты есебінен жүзеге асырып келген атымтай азамат Талғат Маратұлы бұл жолы да ойылдықтарды бір серпілтіп кетті.
Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жангүл Ізғаринаның өтінішіне құлақ асып, Ойылда жаңа ғимарат салып беруге уәде етті.
Сонымен қатар, халық қалаулылары ауданға сапары барысында Ойылдағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысымен танысып, қабылдауға келгендерге осы бағдарламаға қатысуға шақырды.
Бағдарламаның ұтымды тұстарын түсіндірді.
Ақтөбе облыстық мәслихаты жанындағы «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Естай Сисенбаев пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне де назар аударды.
Естай Ибрагимұлы «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың Ойыл ауданындағы атқарылуына оң бағасын берді.
Өйткені, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі.
Одан кейін Ойыл – Қаратал жолы мен Қаратал селосын су тасқынынан қорғау мақсатында салынып жатқан дамбы жұмысымен танысты.
Айта кету керек, Қаратал селосын су тасқынынан қорғау мақсатында салынып жатқан дамбыға Талғат Маратұлы өз есебінен 11 млн. теңге бөліп отыр.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Ойыл ауданына жұмыс сапарының соңында Саралжын ауылдық округінің аумағындағы «Тәжібай – АГРО» және «Спарта» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бүгінгі тынысымен танысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар